«Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік сайысының жеңімпаздары белгілі болды. Елордада өткен қорытынды кезеңде 20 өңірден жолдама алған 20 команда бақ сынады. Білімділер бәйгесіне 14-35 жас аралығындағылар қатысты.
Бұған дейін қатысушылар онлайн форматта «Aqyl Battle» мобильді қосымшасы арқылы, куиз форматында іріктеу кезеңдерінен өтті. Зияткерлік сайыс Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында ұйымдастырылған. Мақсат – жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, шығармашылық пен зияткерлік дамуға жол ашу.
– Білім додасына биыл алғаш рет Өзбекстанның ең танымал «Zakovat» зияткерлік ұйымынан «Зиялы жастар» командасы да қатысып, қазақ тілінде білімін сынап жатыр. «Zakovat» – 25 жылдық тарихы бар Орталық Азияда танымал зияткерлік ойынның бірі. Олар жүлдеге таласпайды, тек қонақ ретінде қатысып, тәжірибе алмасады. Болашақта осы зияткерлік ұйыммен серіктесіп жұмыс істегіміз келеді. Басты мақсатымыз – зияткерлік ойын арқылы түркі халықтарының жастарын біріктіру, қазақ тілін, білімді дәріптеу. Осылайша, болашақта сайысты халықаралық деңгейде шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді жоба жетекшісі Бибінұр Шербаева.
Зияткерлік турнирдің жалпы жүлде қоры – 3 600 000 теңге. 1-орынға – 1 200 000 теңге, 2-орынға – 900 000 теңге, 3-орынға – 600 000 теңге, 4-орынға 300 000 теңге табысталады. Сонымен қатар басқа командаларға қаржылай ынталандыру сыйлықтары қарастырылған.
– Жоба – жастарға маңызды әрі ерекше жарыс. Өйткені білімге құштарлық – ұдайы ізденіс пен жаңашылдыққа жаны құмар адамдардың бойында болатын асыл қасиет. Бұл кемелдікке жетелейді. Дана Абай он сегізінші қарасөзінде «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген екен. Комитет атынан ұйымдастырушыларға, келген қонақтарға алғыс білдіремін, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов.
Бұған дейін 20-22 мамыр аралығында зияткерлік сайыстың 1-кезеңінде «Aqyl Battle» мобильді қосымшасы арқылы еліміздің барлық өңірінен 1 500-ден аса жас қатысып, 135 команда іріктелді. Зияткерлік сайыстың 2-кезеңі 7-20 маусым аралығында төтенше жағдай болған өңірлерде онлайн «Google meet» платформасы негізінде, ал қалған облыстарда куиз форматында турнирлер өтіп, 135 командадан 20-сы таңдалған. Яғни мемлекеттік маңызы бар қалалар мен әр облыстан 1 командадан және «Креативті команда» байқауының жеңімпаздары финалға жолдама алды.
– Мен – тарих пәнінің мұғалімімін, жасанды интеллект сарапшысымын. Іріктеу кезеңдерінен мүдірмей өтіп, ақтық кезеңге жеткеніме қуаныштымын. Өйткені бұл – менің республикалық деңгейдегі алғашқы тәжірибем. Алдағы уақытта оқушыларымды да алып келуді жоспарлап отырмын. Топта үшеуміз. Команда аты – «Қызылжар». Сайысқа дайындық өте жоғары деңгейде болды. Болашақта осындай турнирлерді өңіріміздің әр ауданында дамытуға өз үлесімді қосқым келеді, – дейді Қ.Жолтайұлы.
Білім додасына бас жүлдені Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңіп алды. Бірінші орын – Қызылорда облысының ойыншыларына, екінші орын ақмолалықтарға бұйырды. Ал қола кубокке тартыста Атырау облысының зияткерлері оза шапты.