• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Фармацевтика 02 Қазан, 2024

Фармацевтика ірі компаниялармен бірлессе игі

77 рет
көрсетілді

Жетекші салаларға тартылған инвестиция – экономиканың драйвері. Қуантарлығы, елдің инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға жоғарылап келеді. Шетелдік инвесторлардың кедергісіз, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалған, мемлекеттен қолдау тетіктері қарастырылған. Инвестиция фармацевтика саласын дамытуға да септігін тигізіп отыр.

Жақында Швеция ­­мен Ұлыбри­та­нияның Қа­­зақ­стандағы елші­лігі, «Kazakh Invest» акционерлік қоғамы, «АстраЗенека» био­фар­ма­цевтикалық компаниясы мен «Roche» өкілдері баспасөз мәс­ли­хатын өткізді. Қонақтар инно­вациялық препараттар, инвес­тиция тақырыбын қаузады. Спи­керлер шетелден инвестиция тарту мен жергілікті фармацевтика саласын одан әрі дамытуда зияткерлік меншік құқық­тарын қатаң сақтаудың маңы­зын айтты. «АстраЗенека» ком­паниясы отандық алаңдарда келісімшарттық өндіріске тран­сұлттық фарма­цев­тикалық компанияларды тарту жөніндегі ин­вес­тициялық жобаның аралық нәтижелерін ұсынды. Аталған компанияның басшылығы келер жылы елдегі келісімшарттық өндіріске 7 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлағанын растады. Баспасөз мәслихатын­да Швецияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ева Пулано, Ұлыбритания елші­лігінің Сауда және инвестициялар мәселелері жөніндегі директоры Бэт Маккендрик, «Kazakh Invest» АҚ жобаларының жетек­шісі Динара Исабекова, «АстраЗенека» компаниясының директоры Мария Шипулева баян­дама жасады.

Швеция елшісі Ева Пулано медицина саласындағы ынты­мақ­тастық туралы әңгі­меледі. Биыл маусым айында екі елдің медициналық қоғамдастығы ара­сында тәжірибе алмасу мақсатында елімізде ден­сау­лық сақтау жөніндегі Швед альянсы ашылғанын хабарлады. Ал Ұлыбритания елшілігінің Сауда және инвестициялар мәсе­ле­лері жөніндегі директоры Бэт Маккендрик ел аумағындағы инновациялық фармацевтика­лық өнімді келісімшарт негізінде өндіру жөніндегі «АстраЗенека» жобасы еліміз бен Ұлыбритания арасындағы инвестициялық қаты­настарды айқын суреттейтінін атап өтті. Ұлыбритания – елдегі ең ірі инвесторлардың бірі. Осы ынтымақтастықты іске асыру шең­­­бе­рінде 2022 жылы 7 ақпанда Лон­донда Денсаулық сақтау министрлігі мен «АстраЗенека» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған. Ал биыл Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қазақ­стан Премьер-министрі Олжас Бектеновпен бірге Үкі­мет жанын­дағы инвестициялық штаб­­­тың бақы­­лауындағы инвес­ти­ция­­лық­­ жобаға қол қою рәсіміне қа­тысты. Елде фармацевтикалық өнім­дерді келісімшарт негізінде өндіру жөніндегі инвестициялық жоба 2020 жылдың қазан айында бас­талды. Сол кезде Үкімет фар­мацевтика мен медицина өнер­­­­кәсібін дамытудың 2020–2025 жыл­дарға арналған кешенді жос­парын бекіткен еді.

Конференцияда «Kazakh Invest» акционерлік қоғамының жобалар жөніндегі жетекшісі Динара Исабекова елдің фармацевтика саласын дамытудағы стратегия­сын, инвесторларды қолдау бағы­тындағы жұмыстың ретін баян­дады.

«Әлемде фармацевтика на­ры­­ғының өсуіне байланысты еліміз алпауыт фармацевтикалық компаниялардың сенімді серіктесі болуға ұмтылады. Бұл ретте Сыртқы істер министрлігінің ірі жобаларды үйлестіруге ықпалдасып келе жатқанын атап өткіміз келеді. Біз алпауыт фармацевтика компанияларынан жаңа нарыққа келіп, нөлден бас­тап толық циклді үлкен зауыт салуды талап етсек, олар қызыға қоймайтынын бі­ле­міз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мұндай компаниялар жаңа нарыққа келісімшарт негізінде өндірісті дамыту жобаларымен кіреді. Бұл – шетелдік компаниялармен ұзақмерзімді шарт жасауға кепіл болады. Әрі компанияның бірте-бірте кеңеюіне, өндірістік қуатын арт­тыруға жол ашады. Бұл бағытта еліміздің ұзақ жыл бойы іске асырып келе жатқан жоба­лары жемісін беріп отыр. Ірі фар­­ма­­цевтикалық компания­лар елі­міздің нарығына енді. Олар тек дәрі-дәрмекті тасымалдаушы болып қана қоймай, отандық өндірістің болашағы ретінде орнын бекітіп жатыр. Біз мұндай ірі жобалардың жүзеге асуына барынша ықпал етіп, жобаны үйлестіру барысында туындаған мәселелерді реттеуге көңіл бөлеміз», деді «Kazakh Invest» АҚ жобалар жөніндегі жетекшісі.

Д.Исабекова «Pfizer», «Roche», «АстраЗенека» қатарына кіре­тін әлемдегі алып үш фарма­цевтикалық компания серік­тестік жөнінде келісімге қол қойғанын хабарлады. Келешекте еліміздің Орталық Азия­дағы фар­ма­цевти­ка­лық өндіріс­тің орталығына айна­луға ұмты­ла­тынын айтты.

«АстраЗенека» компания­сы­ның елдегі басшысы Мария Шипу­лева келісімшарттық өнді­рісті дамытуға елге 7 миллиард­ теңгеден астам инвести­ция салу көзделгенін жеткізді.

«Біз Қазақстанда төрт пре­па­раттың өндірісін оқшаулауды жоспарлап отырмыз. Ең алдымен созылмалы бүйрек ауруын, жүрек жеткіліксіздігін, екінші типті қант диабетін емдеуге арналған дапаг­лифлозин инновациялық препаратын шығарамыз. Бұл пре­парат «Нобель Алматы фар­ма­цевтикалық фабрикасының» базасында өндіріледі. Бүгінде осы алаңда аудит жүргізілді. Қажетті жабдықтар сатып алынды. Жаңа жұмыс орындары ашылды. 2025 жылы ел нарығына түпнұсқа препараттың бірінші партиясын жеткізу мақсатында өндірісті жа­қын арада іске қосуды жос­парлап отыр­мыз. Одан әрі жос­парымызда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған үш препарат өндірісін бастау міндеті тұр. Осылайша, біздің компания елімізде келісімшарттық өндірісті дамытуға 7 миллиард теңге­ден астам инвестиция салады», деді М.Шипулева.

Баспасөз мәслихатына қаты­су­шылар Дүниежүзілік сау­­да ұйымы мен Зияткерлік мен­­шік құқықтарының сауда аспек­ті­лері жөніндегі келісімді қолда­ған барлық елге «Зияткерлік мен­шік туралы» заңды сақтаудың маңыз­дылығы туралы түсініктеме берді. Себебі дәл осы зияткерлік мен­шік құқығы инвесторларды тарту­дың негізгі шарттарының бірі саналады.