Семей қаласында ашылған мұғалімдер семинариясы – Мұхтар, Жүсіпбек, Қаныш, тағы басқа Алаштың айбоздары оқыған орын. Тарихи оқу орданың құрылғанына биыл – 120 жыл. Облыс орталығында Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің мерейтойы аталып өтіп, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Айтулы басқосуда оқу ордасының терең тарихы, жеткен жетістіктері және болашақтағы бағытын бағдарлайтын мәселелер талқыланды.
Конференцияға қатысушыларға колледж тарихын таспалаған деректі фильм ұсынылып, Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді. Іс-шарада Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, педагогикалық ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Құсайынов, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы колледждің білім үдерісіндегі рөлі, оның жаңашылдықтары мен қоғамға тигізген әсері туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар баяндамашылар мұндай конференциялар білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және болашақ ұрпаққа үлгі болатын тұлғаларды танытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Конференция аясында семинар-практикум, фотокөрме және мұрағат материалдары негізінде жасақталған құжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ танымал түлектерге арналған тақырыптық кабинеттердің тұсауы кесіліп, «Оқу орнының түлектері – тарихи тұлғалар» тағзым тақтасы ашылды. Академик Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, ақын-жазушы Тұрлыхан Қасенұлы, ғалым Қайым Мұхамедханов сияқты тұлғаларға арналған кабинеттер ашылды.
Мерекелік іс-шара барысында 22 мұғалім Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, Оқу-ағарту министрлігінің Алғысы, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Техникалық және кәсiптiк білім беру iсiнiң үздiгi» сияқты маңызды марапат табысталды. Бұған қоса облыс әкімдігі тарапынан колледж ұжымына 10 млн теңгелік сертификат тарту етілді. Ал үздік студенттерге «Үздік Әуезовші», «Асылхан Бекбаев атындағы шәкіртақы» тағайындалды.
Осыған дейін Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің 120 жылдық мерейтойы аясында «Қаражыра» АҚ демеушілігімен салынған «ЕС-аймақ» рухани орталығының салтанатты ашылу рәсімі өткен. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 2 500 шаршы метр. Жаңа ғимарат студенттер кампусының ортасында орналасқан, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жаңа орталық 500 студентке арналған. 7 арнайы кабинет пен зал бар. Концерт залы 300 орынға шақталған. Онда заманауи LED экран, жарық және дыбыс қондырғылары, автоматтандырылған сахна механизмдері мен жұмсақ орындықтармен жабдықталған.
Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Аймановтай тұлғалардың ізі қалған оқу ордасы келешекте де біртуар тұлғаларға тұғыр, өнерлі ұл-қыздардың рухани қуатын арттыратын орда болары сөзсіз.
Абай облысы