Кеше референдум науқаны аясында Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Онда 6 қазанға белгіленген республикалық референдумды дайындау әрі өткізу мәселелері қаралды.
Отырысқа cыртқы істер, денсаулық сақтау министрліктерінің, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) байқаушылар миссиясының, БАҚ өкілдері қатысты. Бейнеконференция режімінде облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты. Сурдоаудармасы бар онлайн-трансляция комиссияның интернет-ресурсы және Youtube арқылы өтті.
Отырысты ашқан ОРК төрағасы Нұрлан Әбдіров референдум жөніндегі науқанды ұйымдастыру және өткізу барысында Орталық референдум комиссиясы дәстүрлі түрде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларымен тығыз қарым-қатынас жасайтынын атап өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары туралы ОРК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол «2024 жылғы 6 қазанға белгіленген республикалық референдум өткізу кезінде шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметінің кейбір мәселелері туралы» 3 қыркүйектегі қаулыға сәйкес, аккредиттеу Астана уақыты бойынша 30 қыркүйекте сағат 18.00-де аяқталғанын хабарлады.
Осылайша, Қазақстанда атом электр стансасын салу жөніндегі республикалық референдумда байқауға 30 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйым (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) атынан 177 байқаушы қатысады.
ОРК шақыруы бойынша референдум өткізу кезінде байқауға 14 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, оның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының төрағалары қатысады.
Отырыста Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко министрліктің 37 елден 200 шетелдік журналист аккредиттелгенін, олар да республикалық референдум өткізуді байқап, жариялайтынын хабарлады.
Отырыстың екінші мәселесіне көшкен ОРК басшысы Референдум туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес, учаскелік референдум комиссиялары дауыс беру күні, уақыты, орны және тәртібі туралы азаматтарды дауыс беру күніне дейін 10 күннен кешіктірмей, яғни осы жылдың 26 қыркүйегіне дейін хабардар еткенін атап өтті. Осы науқанда комиссиялар дауыс беруге құқығы бар азаматтарды референдумға жеке шақыруға ден қойды. Шақырулардың бірыңғай нысанын ОРК аумақтық референдум комиссияларымен бірлесіп әзірледі.
Бұдан әрі аумақтық референдум комиссияларының төрағалары дауыс беру күніне дайындық барысы, сондай-ақ азаматтарды ақпараттандыру жөнінде қабылданған шаралар және жекелеген учаскелерде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу туралы баяндады.
ОРК төрағасы Орталық референдум комиссиясы азаматтарды референдумға дайындық барысы туралы ақпараттандыруға көп көңіл бөлетінін атап өтті.
Азаматтардың алдағы референдумды дайындау мен өткізу туралы толық әрі шынайы ақпарат алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында Орталық референдум комиссиясы ақпараттық-түсіндіру материалдарының (бейне-аудиороликтер, плакаттар, әдістемелік және басқа материалдар) кешенін әзірледі. Сондай-ақ SMS-хабарламалар, мобильді банкингтерде PUSH-хабарламалар арқылы азаматтарды қосымша хабардар ету көзделген. Бұл жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады.
Н.Әбдіров «Сайлау туралы» конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуге тиіс республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салудың заңнамалық аспектілеріне де назар аударды. Ол референдум және сайлау туралы заңнамаға сәйкес қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдум нәтижелерінің болжамдарын, референдумға байланысты өзге де зерттеулерді бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда дауыс беру күніне дейін бес күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға жол берілмейтінін еске салды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – республикалық референдумда дауыс беру күні санитарлық-профилактикалық шараларды қамтамасыз ету туралы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова хабарлады. Оның айтуынша, республикада коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиялық жағдай тұрақты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 7 есеге азайды. Осы жылдың қыркүйегінде республикада ЖРВИ-дың 544 мың жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың қыркүйегінде сырқаттанушылық деңгейінен 27%-ға төмен.
Республикалық референдум өткізу кезінде ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиялық маусымның басталуын ескере отырып, референдумға қатысушылардың жиналуына жол бермей, олардың ағынын реттеу, ауаны баптау жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, дауыс беруге арналған үй-жайларды тұрақты желдету, сондай-ақ арнайы жуғыш заттарды қолдана отырып, ылғалды жинау жүргізу ұсынылды.
Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті. Жиын барысында ОРК мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқа да спикерлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.