Осыдан 33 жыл бұрын, 1991 жылғы 2 қазанда Қазақстан тарихында ғарышқа алғашқы қадам жасалды. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр айлағынан «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ұшты, деп жазады Egemen.kz.
Экипаж құрамында ол «Мир» орбиталық станциясында бір апта болып, 10 қазанда жерге оралды. Осы уақыт аралығында бес ғылыми эксперимент жүргізген.
Ұшу кезінде Арал теңізінің құмды дауылдарын түсіру және медициналық-биологиялық зерттеулер жүргізілді. Арнайы азық-түлік және ғарыштық биотехнология мұқият бақылаудан өтті. Микрогравитациядағы металл балқымаларының әрекеті зерттелді. Жерге оралған соң, жиналған барлық үлгілер ғалымдар тарапынан мұқият зерттелді.
Тоқтар Әубәкіровтің ұшуы қазақстандық ғарыш ғылымы мен технологияларын дамытудың маңызды қадамы болды. Қазақ ұлтының тұңғыш ғарышкері ретінде оның жетістіктері жерді ғарыштан зерттеуде және Қазақстанда ғарыш технологияларын әзірлеуде жаңа дәуірдің басталуын білдірді.
Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы — техника ғылымдарының докторы, профессор, КСРО-ның 72-ші ғарышкері, КСРО-ның еңбек сіңірген сынаушы ұшқышы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстан әуе күштерінің Генерал-майоры. Қазақстанның Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры.