Шығыс Қазақстан облысының полицейлері қос азаматтығы бар 48 адамды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ШҚО полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы қос азаматтығы бар облыс аумағында тұратын адамдарды анықтау үшін үнемі тексерулер жүргізеді. Мысалы, Өскемен қаласының 59 жастағы тұрғыны 2021 жылдың мамыр айында көрші мемлекеттің азаматтығын алған, бірақ бұл туралы заңда белгіленген мерзімде құқық қорғау органдарына хабарламаған.
«Шетелдіктің жеке куәлігі мен Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты тәркіленіп, Қазақстан азаматтығынан айыру тіркелді. Заңды бұзғаны үшін ер адам 200 АЕК көлемінде айыппұл төледі», деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.
Жалпы жыл басынан бері тәртіп сақшылары қос азаматтықты ресімдеген облыстың 48 тұрғынын анықтады, оның 9-ы сот шешімі бойынша ел аумағынан шығарылды.