• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2015

«Теңізде» эпидемия ошағы бар ма?

382 рет
көрсетілді

Ажалдың аяқ астынан екендігіне «Те­ңіз» кенішінде вахталық әдіспен еңбек­ке тар­тылған жұмысшылардың біреуі­нің өмір­ден озуы дәлел болғандай. Осы оқыс оқи­ға 26 қаңтарға қараған таңда тіркелген. «Теңіз» кенішіндегі мердігер компа­ния­ның бірі – «Имстальком» серіктес­тігінде қыз­мет ететін Шығыс Қазақстан облы­сы­ның 1973 жылы туған азаматы жұқпалы дерт­тен клиникада таңғы 5 сағат 15 ми­нутта көз жұмған. Алайда Жылыой аудан­­дық тұ­тынушылар құқығын қорғау басқарма­сына жергілікті уақытпен 9 сағат 15 ми­нутта «Теңізшевройл» серіктестігінің вахта­лық қала­шығындағы клиникаға екі сырқат­тың жеткізілгені туралы ғана мәлімет түсіпті. Көз жұмған азаматтың жанында жүр­ген тағы бір жігітке әуелі Жылыой аудан­дық орталық ауруханасының жұқпа­лы аурулар бөлімшесінде ем жаса­лып, кейін облыс орталығына жеткізіліп­ті. Дәрігерлер науқас жанға әзірге «менин­гит-менингококкцемия» диагнозымен ауырған деп болжам жасап отыр. Нау­қастан мынадай ауру белгілері анық­талыпты, яғни оның дене қызуы 37 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, аяғында гемморагациялық бөртпе пайда болған. Онымен бірге жұмыс істейтін тағы 3 адам «Теңізшевройл» серіктестігінің клиникасында оқшауланып, дәрігерлердің қатаң бақылауына алынды. Бұл жігіттерден әзірге ауру белгілері анықталған жоқ. «Қазір облыстық деңгейде құрамында инфекционист, эпидемиолог-дәрігер, вирусология және бактериология зерт­ханасының меңгерушілерінен жасақталған арнайы бригада құрылып, Жылыой ауданына іссапарға жіберілді. Қажетті шаралар атқарылып, ауру шыққан жерде эпидемияға қарсы жұмыстар жасалуда. Барлық жағдай жіті бақылауда», деп мәлімдеді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.