Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі. Цифрландыру – сәнге айналған үдеріске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» деген еді. Қоғамның барлық саласына дендеп енген бұл заманауи үдерістен қазіргі таңда сот жүйесі де тысқары емес.
Әрбір мемлекет өз экономикасының төске өрлеуін, инфрақұрылымының кешенді түрде жақсаруын, медицинаның сапалы дамығанын, басқа да саладағы қызмет түрлерінің заман талабына сай дамуын қажет етеді. Бұл үшін ғылым мен техниканы жетілдіріп, сондай-ақ цифрландыру секілді жаңа технология жетістіктері жаппай енгізілуі керек.
Павлодар облысы Екібастұз қалалық сотының судьясы Әсел Тасболатованың айтуынша, қоғамдағы барлық саланың ажырамас бөлігіне айналған цифрландыру үдерістері сот жүйесінде де белсенді енгізіліп жатыр. Заманауи цифрлық технологиялар бүгінгі таңда сот жүйесін ашық, айқын және ыңғайлы етумен қатар, істерді дереу әрі қысқа мерзімде қарауға мүмкіндік тудырған.
Оның айтуынша, сотта электронды форматта іс жүргізу – әлемнің дамыған мемлекеттерінде сәтті жүзеге асырылған тәжірибе. Мысалы, АҚШ-та электронды сот жазбаларына «PACER» жүйесі арқылы қол жеткізуге немесе сот құжаттарын «электрондық тізілім, іс басқармасы» арқылы электронды түрде жолдауға болады. Ал Германияда электронды төрелік және «EGVP» әкімшілік пошталық жәшігін қолдану үшін ақысыз тиісті бағдарламаны орнату қажет. Ал Францияда қабылдаушы адамның рұқсатымен процессуалдық, сотқа шақыру құжаттарын «е-Ваrrеаu» жүйесінің көмегімен жолдайды.
«Цифрлық технологияны дамыту мақсатында біздің елімізде 2014 жылы Жоғарғы Сот өзінің ресми интернет-ресурсында сот жүйесінің айқындығы, қолжетімділігі, тиімділігі үшін сот органдарының қызметін және онлайн-қызмет көрсетуге қол жеткізу мақсатында «Сот кабинеті» электронды жобасын іске қосты. Соның нәтижесінде тараптар үшін сотқа жолдаған құжаттарын бақылау әлдеқайда оңайырақ бола түсті. Сот кабинеті арқылы жолданған құжаттың мекенжайға түскені туралы мәлімет тез арада көрсетіледі», дейді Ә.Тасболатова.
Оның айтуынша, бұдан кейін сот жүйесінде «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы сотқа келіп түскен барлық істің тіркелуінен бастап аяқталуына дейінгі есебі электронды түрде жүргізіледі. Сонымен қатар елдегі сот отырыстары залдары аудио-бейнежазба жүйесімен толық жабдықталып болды.
«2018 жылдан бастап сот жүйесінде цифрландыру қарқынды енгізіліп, «Смарт сот» жобасының негізінде «True conf», (ТрюКонф) мобильді қосымшасы арқылы тараптардың сотқа қатысуын қамтамасыз етіп, бейнебайланыс арқылы істер қашықтан қаралды. Бұрын сотқа қатысушылардың әр аймақта болуына байланысты тағайындалған сот отырысына бір тараптың келе алмауы салдарынан кейінге қалдырып, үдерістің созбалануына әкеп соғатын фактілер орын алса, бүгінгі таңда кез келген жерден онлайн тәртіпте сотқа еркін қатысуға мүмкіндік бар», дейді судья.
Сот жүйесіндегі тағы бір жаңалық – 2019 жылдан бастап судьяларға арналған «Сот тәжірибесі» сервисі іске қосылған. Мұнда азаматтық істер бойынша 2 миллионнан аса сот актісін қамтиды және іс туралы жан-жақты ақпарат ұсынады. Сервис текст-майнинг технологиясын, яғни мәтін бойынша талдау мен іздеуді қолдана отырып жүзеге асырады. Аталған сервисте апелляциялық және кассациялық сатылардың сот актілерін де қарап, пайдалануға толық мүмкіндік қарастырылған. Бұл функционал республика көлемінде сот актілерін еркін пайдаланып, судьялар арасында бірыңғай сот тәжірибесімен бөлісуге, яғни тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Әсел Владимирқызының айтуынша, қазіргі таңда талап қою арызы электронды түрде сотқа жолданып, іс мәні бойынша қаралып жатыр. Бұл ел тұрғындарына үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы сотқа арыз, дәлелдемелер жолдауға, сол арқылы алтын уақыты мен артық қаражат жұмсамауға мүмкіндік берген. Тараптарға электрондық пошта немесе sms-хабарлама арқылы арыздың қабылданғаны туралы дереу арада есеп келеді.
Бүгінде сот істерінің онлайн тәртіпте, яғни бейнебайланыс арқылы жүзеге асып жатқаны, атап айтсақ, «WhatsApp» мессенджері, Skype, Zoom байланыстары арқылы да жүретіні белгілі. Жоғарыда айтқандай, бұл да түрлі аймақта тұратын адамдардың отырысқа онлайн режімде қатысуға мүмкіндік береді. Әсіресе 2020 жылы карантин уақытында осы техникалық мүмкіндіктер істі онлайн тәртіпте қараудың маңызды рөлін көрсетті.
Нәтижесінде, 2021 жылдан бастап электрондық форматта сот ісін жүргізу Азаматтық, Қылмыстық процестік және Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстерінде көрініс тапты, яғни істерді электронды форматта сотқа жолдау қалыптастырылды.
«Кейінгі уақытта азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттыру мақсатында қоғамда резонанс тудырған даулы істерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық тікелей эфирде жүргізу тәжірибесі де қолға алынып жатыр. Мұны да цифрландыру жетістіктерінің бірі деп санауға болады. Әрине, бұл сотқа қатысушы тараптардың келісімімен іске асатыны анық. Ашық сот отырысының тікелей эфирде жүргізілуі ел тұрғындарының бақылауында болумен қатар, өзге елдердің де назарын аударғаны белгілі», дейді судья.
Халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру – ең басты міндет. Сот төрелігі барлық адамның заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылады. Яғни азаматтардың ешқайсысына артықшылық берілмейді, электронды сот ісін жүргізуде қорғау және айыптау жақтарының құқықтарының теңдігі сот отырысында заң нормасына сәйкес ашық сақталады. Сот ісін жүргізудегі техникалық өрлеу, цифрландыру үдерісі алдағы уақытта да заман талабына сай ілгері дами бермек.