• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Қазан, 2024

Суретшілер – Керекуде

125 рет
көрсетілді

Керекуде Халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтің 100 жылдығына арналған халықаралық пленэр өтті. Кәсіби суретшілер мен өнертанушыларды, шығармашыл жастарды біріктірген мәдени іс-шара классикалық және заманауи өнер үдерістерін қолдаудың бірегей платформасы ретінде танылды.

«АРТ-Төр 2024» аталған ха­лықаралық пленэрде түрлі кә­де­­сый­лардың және Нағымбек Нұр­мұхаммедов салған суреттер каталогінің тұсаукесер рәсімі жасал­ды. Құрметті қонақтар қа­та­рынан әйгілі суретшінің қызы, өнертанушы Мара Нағымбекқы­зын, ЮНЕСКО Суретшілер одағы­ның мүшесі, ресейлік Андрей Блиок­ты, Қырғызстанның Халық суретшісі Юристанбек Шығаевты, әзербайжандық суретші Джалал Агаевты, сондай-ақ басқа да отандық және шетелдік танымал қылқалам иелерін көре алдық.

– Павлодар облыстық көр­кем­сурет музейі 1964 жылы құрыл­ған, Ертіс өңіріндегі ең ірі музей. Биыл құрылғанымызға 60 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ұйым өңір­дің өнері мен мәдениеті сала­сын­дағы үрдістер мен құбылыс­тар­ды зерттеу, құжаттау функция­ла­­рын орындайтын ғылыми-мәде­ни мекемеге, мәдениеттің, білім мен ғылымның дамуына оң әсер ететін музей топтамаларының қоймасына айналды. Бүгінде музей коллек­циясында 6 200-ден астам кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы және театрлық-декорациялық өнер туындылары бар. 2022 жылы Павлодар облыстық көркемсурет музейіне Баянауыл ауданының тумасы, Қазақстан­ның халық суретшісі, Қазақ КСР Мем­лекеттік сыйлығының лауреаты Нағымбек Нұрмұхаммедовтің есі­мі берілді. Музей қорында суретші­­­нің 31 туындысы сақталған, 6 туынды­­сын суретшінің отбасы музей қо­ры­на ­табыстады, деп атап өтті му­зей ­басшысы Ақертіс Солтанбаев.

Нағымбек Желал-Әд-Динұлы­ның еңбек жолы негізінен Алматы қаласында өрілген. Аса ауқымды шығармашылығы одаққа танылып, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы болды. Өнер иесі этюдтер мен болашақ картиналарға ар­налған материалдарын негізі­нен ел бойынша және шетелдік саяхаттарда жинаған. Оны білетін­дер тұлғаның суретші ғана емес, бел­сенді қоғам қайраткері, өнертану­шы болғанын айтады. Қазақстан­ның ежелгі және қазіргі заманғы өнері туралы көптеген мақала мен кітап жазған.

«Нұрмұхаммедов шығар­ма­шылығын қырғызстандық әріп­тестерім жақсы біледі. Оны Қазақстанның классик сурет­ші­лерінің бірі ретінде танимыз. Жұ­мыстары жоғары кәсіби деңгей­де салынған. Ол кісінің шәкірттері шығармашылық жолды лайықты жалғастырып отырғаны қуанта­ды. Мұндай шеберлердің еңбе­гін әрдайым ұлықтап, туындыларын алтындай сақтауға міндеттіміз. Мен де ол сияқты Ресейдегі Репин атындағы академияны тәмамда­дым. Бұл көрмеге ерекше тар­туым бар. Әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай, ғұламаның портретін салып келдім. Оны музей қорына өткіземін», деді Қырғызстанның халық суретшісі Юристанбек Шығаев.

Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мү­шесі Өмірбек Жұбаниязов шебер­лік сабағын өткізді. Мұнда қатысу­шы­лар кескіндеме мен графиканы үйлестіретін бірегей авторлық техникамен танысты. Ал танымал өнертанушы, «Ұлар» галереясы­ның директоры Юрий Маркович 3D ­басып шығару, VR технология­лары мен дрондарды пайдалану сияқ­ты бейнелеу өнеріндегі ең жаңа технологиялар туралы және олар­дың заманауи көркемдік үрдіс­тер­ге әсері туралы әңгімеледі. Бұл қазіргі ұйымдастырылып жүр­ген көрмелердің кеңістігін өзгерту­ге және жаңа көзқарастар түзуге тамаша мүмкіндік беретінін атап өтті қатысушылар.

Бұған қоса суретшілер Баян­ауылға барып, тұмса табиғаттың ғажа­йыптарын бейнеледі.

 

ПАВЛОДАР