Кеше Орталық референдум комиссиясында ОРК төрағасы Нұрлан Әбдіров ТМД байқаушылар миссиясының басшысы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимовпен кездесті.
Кездесуге Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман мен ТМД байқаушылар миссиясы штабының басшысы Олег Кулеба қатысты.
Н.Әбдіров миссияның басшылығына 6 қазанға белгіленген республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу барысын таныстырып, науқанның негізгі кезеңдері, сондай-ақ халықаралық байқаушыларды аккредиттеу қорытындылары туралы хабардар етті.
ОРК төрағасы ТМД Атқарушы комитетіне еліміздегі электоралды науқандарды байқауға тұрақты түрде қатысып келгені үшін алғыс білдіріп, халықаралық байқаушылардың қатысуы жұртшылықтың алдағы плебисцитке деген сенімін арттыратынын атап өтті. Осы орайда алдағы референдумға ТМД миссиясынан 74 байқаушы қатысатынын айта кетейік.
Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге дайындық пен оны өткізу жөнінде қорытынды іс-шаралар өткізді. Аумақтық комиссиялар электоралды рәсімдерінің ашықтығы мен референдум заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге дайын.
Өз кезегінде Леонид Анфимов референдумдағы ТМД-дан байқаушылар миссиясының қызметі туралы айтып, олардың тиімді қызметіне жасалған жағдайлар үшін алғысын айтты. Ол миссия референдум өткізілуін жалпыға бірдей танылған демократиялық қағидаттар мен ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалайтынын атады. Миссия дауыс беру күнінен кейінгі күні ТМД елдерінің барлық үйлестірушісімен келісілген мәлімдемесінде бағасын жариялайды.
Кездесуден кейін миссия басшысы брифинг өткізді.