• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 04 Қазан, 2024

«Open banking» нарықты қалай өзгертеді?

108 рет
көрсетілді

Еліміз қаржы секторын жаңа деңгейге шығаруға қатысты нақты әрекеттер жасап жатыр. Соның бірегейі – «Open banking» жүйесі. Бұл банктік қызмет пен инновациялық шешімдерді бір арнаға тоғыстырады. Басты ерекшелігі – бір банктің мобильді қосымшасына кіріп, басқа банктердегі шоттарды басқаруға, операцияларды жүзеге асыруға болады. Жаңа бастама қаржы нарығын қалай өзгертпек?

Ұлттық банктегі үдерістер

Ашық банкингтің тұрақты экожүйесін реттеуші органдар – Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі. Ұлттық банк өкілінің берген ақпаратына сүйенсек, «Open Banking» қанатқақты бағ­дарламасы аясында қатысушылар өздері­нің келісімі негізінде клиенттік банк шоттары туралы ақпарат алмасады.

«Нақтырақ айтсақ, ағымдағы шоттардың тізімін, ағымдағы шоттағы қалдық туралы ақпаратын, ағымдағы шоттың операциялар тізімін алады. Екінші деңгейлі банктер ағымдағы шоттарға қатысты ақпарат алмасу жобасының сынақ кезеңіне қатысады. Ашық банкинг қаржы нарығына да, клиенттерге де пайдалы», деді ҰБ өкілі.

 

Әлемдегі әл-ауқат

«Grand View Research» агенттігінің зерт­теуінше, былтыр бұл жүйе әлем нарығында 25 млрд доллар алып келді. 2030 жылға қарай көрсеткіш 27,4%-ға өспек. Жүйе тек қаржы саласын емес, басқа да секторларды дамытуға тікелей әрі жанама әсер етеді. Шетелде жүйені сәтті қолданып, одан пайда көріп отырған ірі үш банк бар. Ұлыбританиядағы жетекші банктердің бірі – «Barclays», Испанияның «BBVA» банкі, АҚШ-тағы «Citibank». Аталған банктер жүйені енгізіп, тұтынушылар мен серіктестерге қаржы өнімдері мен қызметтерге қол жеткізуді оңтайландырған. 

Түсінгеніміз, кейбір әлем банк­тері әлеуеті жоғары әдіс арқы­лы біршама қаржы секторына серпін беріп отыр. Оның біріншісі – сақтандыру. Мысалы, «Insurtech» саласындағы көптеген компания қаржылық деректерді пайдаланып, тұтынушыларға бейім­дел­ген қыз­меттер жасаған. Сол арқылы сақтандыру компаниялары тұтыну­­шылардың қаржылық мәліметіне негізделген жаңа өнімдер ұсынады. Екіншісі – төлем жүйесі. «Open banking» тұтынушыларға жылдам тө­лем жасау, автоматтандырылған транзакция, төлемдерді бір платформада бақылау мүмкіндігін бере­ді. Мысалы, «PayPal» мен «Stripe» секілді төлем жүйелері қол­данушы­­­лар­ға шоттарды бір интерфейсте біріктіріп, қауіпсіз төлем жүргізуге көмектеседі. Үшіншісі – жылжымайтын мүлік. Жоғарыда аталған агент­тік сарапшылары жүйе қаржы секто­рына енгелі алушылар мен жалға алушылар жұмысының жеңіл­де­генін айтады. Себебі тиімді шарттарда несие алу, келісім жасау үдерісті едәуір ыңғайлы еткен.

Жылжымайтын мүлікке байла­ныс­ты төлемдерді оңай тексеріп, бақы­лап отыру да екі тараптың көңі­лінен шыққан. Төртіншісі – көлік пен логис­тика секторы. «Open banking» төлем жүйелерін оңтай­ландырып, жол жүру шығын­­дарын автоматтандырған. Со­ны­мен қатар автотұрақ, бензин төлем­дерін оңай басқарады. Бесіншісі – тұтыну технологиялары. «Fintech» шешімдер арқылы тұтынушылардың қаржы­лық әрекетін басқаратын жаңа мо­бильді қосымшалар мен бағдар­­ла­малар жасалған. Оның ішінде бюд­жет құру, қаржыны басқару, шығын­дарды бақылау сияқты функ­ция­лар бар. Алтыншысы – ин­вес­тиция. Жүйе инвестициялық кеңес беру қызметтерін дамытқан. Жетіншісі – туризм мен қонақүй қызметтері. Әрине, төлем үдерістері жеңіл­дегеннен кейін туристерге арналған сақтандыру, жол шығын­дары, бронь жасау секілді қызметтер жақ­сара түскен. Біршама банкті бақы­лай келе, ашық жүйенің көп­теген саланың жаңа тынысын ашатынын түсіндік.

 

Қауіптен сақтану маңызды

Кез келген жаңа бастаманың пайдасы мен зияны да қатар жүреді. Ашық банкингтің қаупін зерттеген Ұлыбританиядағы «Financial Conduct Authority» ұйымының хабарлауынша, банктер жүйені енгізу кезінде деректердің құпиялылығын сақтау мен қауіпсіздік шараларын күшейтуге ерекше назар аудару керек. Оқып отырып, «Қаржы секторына аталған жүйеден қандай қауіп келуі мүмкін?» деген сұрақ туды. Оның жауабын ұйымның ауқымды зерттеу жұмысынан таптық. Сөйтсек, деректер қауіпсіздігі туындайды екен. Себебі қаржы ұйымдары мен үшінші тарап қосымшалары арасында тұтынушылардың қаржылық деректерін алмасу ашық жүреді. Егер қауіпсіздік шаралары дұрыс сақталмаса, деректер ұрлануы немесе рұқсатсыз пайдаланылуы мүмкін. Бұл кибершабуылдар мен алаяқтық тәуекелін арттырады. «F5 Labs» зерттеуіне сүйенсек, 2018–2020 жылдары ашық банкингті пайдаланатын қаржы институттарының шамамен 6%-ы кибершабуылға, атап айтқанда API шабуылдарына ұшыраған. Көрсеткіш 2020 жылы 55%-ға артқан.

«Ұлттық төлем корпорациясы» жеке деректерді қорғау туралы заңнаманы қатаң сақтай отырып, қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән береді. «Open banking» жүйесінде қауіпсіздік көпдеңгейлі бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Яғни тек аккредиттелген әрі қатаң сәйкес келетін қатысушыларға рұқсат беріледі. Барлық қызмет қауіпсіздік стандарттарына, соның ішінде мобильді банкинг қолданбаларына сәйкес сынақтан өтеді. Сайып келгенде, клиенттер өз деректеріне кімге, қанша уақытқа рұқсат беруді өздері шешеді», деп жауап берді Ұлттық банк.

Елімізде бұл жүйе енгеннен кейін деректерді қорғау мақсатында бірқатар технология мен стандарт пайдаланылмақ. Мысалы, сәйкес­тендіру мен аутентификацияға арналған «OAUTH 2.0, JWT» кілті, «TLS» криптографиялық дерек­терді тасымалдау хаттамасы, арнайы деректерді тасымалдау арналары қолданылады. Бұл тәсіл жіберілген деректер мен орындалған транзакция­ларды қорғайды.

Қаржы саласына осы жүйе енеді дегелі, банктердің дегбірі қаш­­ты. Ақпараттық алаңда ашық айтыл­­­маса да, ашық банкинг алаң туғыз­­ды. Мұндай үдеріс шетелдік ірі банктерде де болған. Мәселен, Ұлыбританиядағы «HSBC», «Barclays», «Royal Bank of Scotland» банктері бастапқыда бастамаға қарсылық танытқан. Олардың негізгі қорқынышы – кибер­қауіпсіздік мәселесі еді. Кей қарсылықтар технологияның дайын­дығына байланысты жүрді. Көріп отырғанымыздай, уақыт өте келе жүйе жемісін берді.

«Ірі банктердің клиенттер базасына шығуға мүмкіндік туады. Әрине, өзінің QR жүйесін жасаған ірі банк­тер клиенттерді жоғалтып аламыз деп қауіптенуі мүмкін. Бірақ бірді-екілі ірі банктің бизнес мүддесін емес, халықтың жағдайы мен нарықтың дамуын ойлау қажет. Өз басым осы жүйенің енгізілгенін қолдаймын», дейді сарапшы Айбар Олжаев.

Ұлттық банктің де пікірі осыған саяды. «Ашық банкинг үлкен ойын­шыларға да, кішкентай ойын­шы­ларға да бірдей пайда әкеледі. Бәсе­келестік күшейіп, ең жылдам әрі тиімді компания жеңеді. Клиентке қолайлы жағдай мен жақсы қызмет көрсетіледі», деп таразылайды ҰБ сарапшылары.