• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Өндіріс 04 Қазан, 2024

Жетісуда құбыр шығаратын кәсіпорын ашылды

82 рет
көрсетілді

Талдықорғандық кәсіпкер Нұрдәулет Ақкөз айына 140 тонна құбыр шығаратын «Полиммер Piре» кәсіпорнын іске қосқан. Су, газ, кәріз, ылғалды жерді құрғату жүйе­лерінде, телекоммуникацияда қолданылатын отандық өнімге сұраныс өте жоғары. Оған жалпы көлемі 106 млн теңге инвестиция тартылыпты.

Жаңа отандық өнімнің сапасы халықаралық стандарттарға толық­тай сай. Полиэтилен құбырлары табиғаттың кез келген қытымыр жағдайына төтеп бере алады. Әрі жо­ғары-төменді температурадағы ыстық пен суыққа бірдей төзімді. Бүгінде полиэтилен құбырларын пайдаланбайтын сала кемде-кем. Жоғарыда айтқан су, газ, кәріз желілері мен телекоммуникация саласынан бөлек, оның құрылыс, мұнай-газ өндірісіне де тигізетін пайдасы көл-көсір.

«Су, газ желілеріне қажетті диа­метрі 15 мм-ден 160 мм-ге дейінгі, ұзын­­дығы тапсырыс берушінің өл­шемі негізінде дайындалатын құбырлар шығарамыз. Тауарларымыздың сапасы халықаралық талапқа сай», дейді «Полиммер Piре» ЖШС құрыл­тайшысы Нұрдәулет Ақкөз. 

«Қазір құбыр өндіретін шикі­зат­тарды Иран, Қытай, Ресей елдерінен әкеліп отырмыз. Алдағы уа­қытта қажетті шикізат шыға­ратын зауытты өзіміз ашсақ деген де ой бар. Мақсатымыз орын­далса, өнім бағасы арзандап, сұра­ныс артады», деді ол.

Өнім экологиялық тұрғыдан таза. Қолданылу мерзімі 50 жылдан асып түседі. Елді мекендерді сапалы сумен қамтып, толық газға көшіру ісінде полиэтилен құбыр­­­лар сұраныс пен қажеттілікті өтей алады.

«Құбыр өндіруге жоғары, орта, төмен қысымды поли­­­этилен қолданылады. Көбінде су мен газ желісін тартуға қол­даны­латын төмен қысымды поли­эти­лен шикізатын пайдаланамыз. Жұмыс барысы бірнеше бөлікке бөлінеді. Әр құрылғының өз қызметі бар. Бірі шикізатты сор­ғыш арқылы станокқа жет­­кізсе, екіншісі балқытады, суытады, үшіншісі құбыр шетіне түр­­лі түсті сызықтарды өрнектейді, әрі қарай зауыт атауын, өн­дірілген уақытын, басқа да қо­сымша ақпараттарды лазер арқылы құбыр бетіне таң­­балайды», дейді зауыт жұмыс­­шысы Вячеслав Козырев.

Жоба иелері алдағы уақытта өндіріс қуатын ұлғайтуды көздеп отыр. Мұндай жағдайда олар диаметрі 160 миллиметрлік полиэтилен құбыр шығарумен шектеліп қалмайды. Өндіріске тың, жаңаша көзқарас қажет. Осы ретте кәсіпорында өндіріс қуатын жоғарыда айтылған кө­лемде көтеру бағытында нақ­­ты іс-шаралар белгіленген. Соның бірі – диаметрі алдыңғы өнім­­нен екі есе үлкен полиэтилен құбырлар шығару. Мұның сыртында әйнек пен талшықтың қоспасынан жасал­ған құбыр жобасын да ойластырып отыр.

Жетісуда шағын және орта бизнесте өнім мен қызмет көр­сету көлемі өткен жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда едәуір өскен. Саланы қаржылық қол­дау шеңберінде 7,4 млрд теңге бөлінген. Бұл секторда 60 мың субъекті бар, онда 108 мың­­нан аса адам жұмыс істейді. Бү­­гін­де 12,2 млрд теңгеге 201 жоба мақұл­данған.

 

Жетісу облысы