• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2024

Алматыда Ішкі медицина мамандарының I ұлттық конгресі өтіп жатыр

131 рет
көрсетілді

Ішкі медицина мамандары деп отырғанымыз – терапевтер, жалпы практика дәрігерлері, эндокринологтар, кардиологтар, кардиохирургтар, реаниматологтар, интервенционистер, нефрологтар, аллергологтар, ревматологтар, пульмонологтар, гематологтар, гастроэнтерологтар, эндоскопистер мен орфандық ауруларды бақылауға тартылған мамандар.

Ал медициналық технологиялардың дамуы мен денсаулық сақтаудың жаһандануы жағдайында тәжірибе мен білім алмасу бұрынғыдан да өзекті бола түскені байқалады. Осы орайда, Алматыда өтіп жатқан Ішкі медицина мамандарының бірінші ұлттық конгресі отандық денсаулық сақтау жүйесіне үздік халықаралық тәжірибелерді енгізіп, ішкі медицина мамандарына жұмыс барысында кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеу сапасын  жақсарта түсуге септесетіні.

Сонымен Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Германия, Түркия, Швеция мен Украина ішкі медицинасының әр бағыттағы жетекші мамандарын бір алаңға жинаған ауқымды іс-шара елімізде алғаш рет өтіп отыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, Қазақ ішкі медицина мамандарының қауымдастығы мен Қазақ ішек ауруларын зерттеу жөніндегі ғылыми қоғамы ұйымдастырған Конгреске еліміздің барлық өңірлерінен 3350-дей дәрігер қатысып отырса, оның 350 – оффлайн, 3 мыңнан астамы – онлайн отыр.

Конгресс ішкі медицинаның негізгі бағыттары бойынша заманауи теориялық және практикалық тәжірибені біріктіруді көздейді. Кешелі бері қатысушылар диагностика мен емдеудің әлемдік трендтерін, ынтымақтастық мәселелерін талқылап отыр. Конгресс еліміздегі медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін білім мен үздік клиникалық тәжірибелерді шоғырландыру алаңына айналдыруға бағытталған.

 «Кардиология және ішкі аурулар институты өз алаңында ішкі медицина мамандарын жинауға қол жеткізуі тарихи оқиға. Біздің институт байырғыдан қалыптасқан дәстүрлерді жалғастырушы болғандықтан, мұндай форумдар аса маңызды, бізді денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, пациенттеріміздің денсаулығын нығайта түсуге жетелейді.

Біздің институт терапиялық бейіндегі пациенттерге мамандандырылған көмекті дамытып келеді. Көптеген созылмалы инфекциялық емес ауруларды емдеуде ерте диагностикалау мен терапияның түрлі жаңа технологияларын үздіксіз енгізудеміз. Институтта орфандық және эндокриндік патология, диабеттік табан бойынша мамандандырылған орталықтар, сондай-ақ ішектің қабыну аурулары бар науқастарға арналған орталық және нутритивтік қолдау кабинеті жұмыс істей бастады. Бұл тәсіл терапияның тиімділігін арттырады және ішкі ағзалардың түрлі ауруларын емдеу нәтижелерін жақсартады», дейді  Кардиология және ішкі аурулар институтының Басқарма Төрағасы Марат Пашимов.