• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2015

Сағындырған Сәбира апа

314 рет
көрсетілді

80 жылдық тарихы бар байырғы білім ордасы саналатын О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ сахнасының анасы Сәбира Майқанованы еске алуға арналған театрландырылған кеш өтті. Иә, былтырғы жыл – қазақ сахна өнерінің майталманы, аналардың анасы атанған Сәбира Майқанованың жылы десек те болғандай. Мәселен, наурыз айында Алматыда ұлы актрисаға арналған театр фестивалі өтсе, қыркүйек айында туған жері Қызылорда қаласы мен облысында Сыр елі ұлан-асыр той жасап, шынайы құрмет көрсетті. Алматыда қазан айында өзі ұзақ жылдар қызмет істеген академтеатрда, желтоқсанда Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жүз жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Міне, Сәбира апайдың тойы әлі де жалғасып, Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі актрисаның туған-туыстарын, сахнадағы бірге ойнаған әріптестерін, алматылық зиялы қауымды шақырып, әдемі кеш сыйлады. Онда Сәбира апайдың фотогалереясы, сахналық костюмдерінің демонстрациясы, Қазақстанның халық суретшілері Айша Ғалымбаева мен Гүлфайрус Исмаилова салған кескіндемелік портреттері, сондай-ақ колледждің театр сахнасын безендіру бөлімінің спектакльдерге арналған макеттері мен эскиздері қойылды. – Ел болып қазақ сахна өнерінің анасы Сәбира апайдың мерейтойын атап өтіп жатқан кезде, біз де сырт қалмауды жөн көрдік, – дейді өнер колледжінің директоры, профессор Сейітқали Шалабаев. Себебі, сексен жылдық тарихы бар (бұрынғы Гоголь атындағы көркемсурет училищесі) білім ошағында кеңес заманынан өзгермей келе жатқан театр сахнасын безендіру бөлімі бар. Сондықтан мұндай кештің бүгінде бізде оқып жатқан студенттерге тәрбиелік мәні зор. Түлектеріміздің атақты әртістердің ойнаған классикалық туындыларындағы сахналық көріністерін, декорация­ларын көріп, бойларына сіңіру мақсатында осындай кездесулерді жиі-жиі ұйымдастырып тұрамыз. Бұл жолы С.Майқанованың қазақ әйелі, аналарының бейнесін сомдағандағы эпизодтарын, сахнаның безендірілуін бүгінгі жастарға ұмыттырмай, тарихпен бірге баулып, тәжірибе мен білім, тәрбиені қатар беруді жөн көрдік. Әсіресе, кеште студенттерді саналы ғұмырының 63 жылын қазақ сахна өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академтеатрына арнаған Сәбира Майқанованың «Шоқан Уәлихановтағы» Зейнептің, «Қаракөздегі» Маржан, Абайдағы Қаныкейдің, «Ана – Жер-Анадағы» Толғанайдың рөлдерін орындағанда киген сахна киімдері қызықтырды. Ал актрисаның ұрпақтары атынан қызы Гүлдар Әбдірашитова анасы жайлы естелік айтып, тебірене сөйледі. – Өздеріңіз білесіздер, анам көптеген тарихи рөлдерді сомдады. Оның ішіндегі шоқтығы биігі «Ана – Жер-Анадағы» Толғанайдың рөлі. Сол спектакль болатын күні ешкіммен сөйлеспейтін, ешкімді көрмейтін, телефонға да шақырмайтынбыз. Ол кісіге ешкім қарсы келмейтін. Анамыздың мінезі «Қарагөздегі» Маржанға ұқсайтын. Бірақ жүрегі өте жұмсақ, адамдарды өте жақсы көретін. Қолынан келген көмегін, жақсылығын аямайтын, – деп Гүлдар Әбділқызы анасын еске алса, актрисамен бірге қызмет істеген суретші-декоратор Есенгелді Тұяқов ол кісінің өзі ойнаған рөлдеріне берілетіні соншалықты, спектакль біткенде киімдері су болып, терлеп шығатынын, бұл актрисаның керемет талантты, еңбекқорлығын көрсететініне тоқталды. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алла Молдағалиева, белгілі суретші В.Сидоркин, т.б. естеліктер айтты. Кештің өн бойында актриса жайлы өлеңдер оқылып, деректі фильм, дефиле көрсетілді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.