• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 05 Қазан, 2024

Бәсеке тағдырын бір гол шешті

55 рет
көрсетілді

Биылғы маусымдағы Еурокубокта еліміздің жалғыз командасы «Астана» ғана қалғаны белгілі. Елордалық клуб бейсенбінің кешінде УЕФА Конференциясы лигасының топтық турниріндегі тұсаукесер кездесуін Алматыдағы Орталық стадионда өткізді.

Аталған доп додасының алғаш­қы кездесуінде «Астана» Сербия­ның Бачка-Топола қаласынан келген ТСЦ клубымен күш сынас­ты. Небәрі 12 мың тұрғыны бар шағын ғана шаһарда жасақталған ұжымның құрылғанына 111 жыл тол­са да, олар тек кейінгі кез­дері ғана өрелі өнерімен өз көрер­мендерін қуантып жүр. Атап айт­сақ, 2013/2023 жылдардағы мау­сым­да ТСЦ Сербияның супер­лига­сында қола медальды иеленсе, был­­тырғы чемпионатта күміске қол соз­ды. Қазіргі кезде олар 9 ойын­нан кейін 13 ұпай жинап, жарыс кес­тесінде 9-орынды қанағат тұтып тұр. Алматыдағы матчқа қос команда мынадай құрамда шықты:

«Астана»: Чондрич, Казуколо­вас, Марочкин, Аманович, Бар­толец, Эбонг, Грипши, Вороговский, Томасов, Чинеду, Камара.

ТСЦ: Илич, Стеванович, Джорд­жевич, Петрович, Радин, Йованович, Станич, Джаковац, Чиркович, Пантович, Баняц.

Бәсеке алма-кезек шабуылмен басталды. 15-минутта елордалық клубтың ойыншысы Назми Грип­шидің бұрыштамадан әуелетіп берген добын Ян Вороговский қағып алып, бағытын өзгерте білді. Дәл сол мүмкіндікті ұтымды пай­даланған Кипрас Казуколовас оны баспен ұрып қақпаға сылқ еткізді. Гол! 1:0 есебімен «Астана» алға шықты. Жылдам соғылған голдан сер­биялықтар тез ес жиды. Жиі ша­­буылдап, Чондрич қорғаған қақ­па­ны бірнеше мәрте нысанаға алды. Басқасын айтпағанда, 29-минут­та Милош Пантович пен 42-минутта Ифет Джаковацтың қақырата тепкен доптары маңдайшаға тигенде, Орталық стадионға жиналған жан­күйерлер сілтідей тынды. Абырой болғанда қақпамыз аман қалды.

«Астананың» да есепті еселеуге бір емес, бірнеше мүмкіндігі болды. Усман Камара екі рет қақпа­ның дәл алдында тұрып, допты қисық тепті. Дегенмен бәсеке аяқта­лар тұста гвинеялық вингер мерген­­­дік танытқан еді. Бірақ Камара ойын­нан тыс қалғандықтан, бұл гол есеп­ке алынбады. Сол аралықта Александр Чиркович тағы бір мәр­те допты маңдайшаға тигізгенін де айта кеткен жөн. Сөйтіп, 1:0 есебі ойынның соңына дейін сақталды. Енді Григорий Бабаянның шәкірт­тері келесі кездесуін 28 қазанда сырт алаңда Уэльстің ТНС клубына қарсы өткізеді.