• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 05 Қазан, 2024

Бизнестің бөлшектенуі кімге тиімді?

166 рет
көрсетілді

Жақында «Ашық НҚА» порталында 2025 жылдан бас­тап заңдастырады деп отырған Салық кодексінің жаңа, кезекті жобасы жарияланды. Осыған дейін бұл жобаның ескі нұсқасы тым қатаңдығы мен жетілмегені үшін сын­ға іліккен. Жаңа жобаны жұрт назарына ұсынып отыр­ған жұмыс тобы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «бизнестің бөлшектеніп кетуіне жол бермеу қажет» деген тапсырмасын басшылыққа алған­дай. Бұл мін­детті шешкісі келген әзірлеушілер ресейлік үлгі­ні негізге алып, арнайы салық режімдерін енгізуге шешім қабылдаған көрінеді.

Тәуелсіз сарапшылар арнайы салық жүйесін бөлшек салық пен бизнес үшін жеңілдетілген декларация негізінде біріктіру жөніндегі бастамаға назар аударып отыр. Онда табыс салығын есептеу тәртібі өзгерді, қызмет түрлері бойынша салық жеңілдіктерін қолдану аясы кеңейтілді. Сарап­шы Досым Сәтпаевтың айтуынша, біздің күні бүгінге дейінгі қателігіміз осыған байланысты.

«Дамыған елдерде бизнестің бөлшектенуі қорқынышты құбылыс емес. Жеке кәсіпкерлік субьектісі орта бизнес деңгейіне көтерілген кезде бөлшектеніп, бағытын әртараптандырады, салығын әр сегменттегі табысына қарай үйлестіріп отырады. Мысалы, тәтті тоқаш пісірумен айналысқан заңды тұлға құрылыс сегментіне барып кәсіп ашуға толық құқылы. Мұндай жағдайда оның бөл­шек­теніп, екінші бизнес субьек­ті­сін тіркеуіне ешкім кедер­гі кел­тірмеуі керек», дейді Д.Сәтпаев.

Ішкі нарықта бизнестің трансформацияға дайын еместігі көпке дейін жабық тақырып болды. Заңнамада бекітілмеген, алайда салықтан жалтарудың мұндай тәсілін кәсіпкерлер жиі қолданады. 2023 жылдың соңында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев шағын кәсіпкерлік субъектілері саны бизнестің бөлшектенуі нәтижесінде өсіп жатқанын айтты. «Шағын бизнес субъектілерінің көбі өнімділігі тө­мен секторларда жұмыс істей­ді, мұнда қызметтің басым түрі сау­да болып қалып отыр» деген еді.

Мемлекет басшысы осыған дейінгі Жолдауларында қолда­ныс­тағы заңнамаға бизнесті ірілен­діруге ынталандыратын өзгерістер енгізу міндетін қойып, табысы орта кәсіпорындарды қолдауға шақырған. Президент 2024 жылғы ақпанда осы мәсе­ле­ні тағы көтерді. Орта бизнесті қол­дау мәселесін шешуге байыпты қарау қажеттігін еске салды.

«Бизнесті жасанды түрде бөлшектеу, кәсіпкерлік субъек­тілерін санаттау әдіснамасы, мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шараларына басымдық беру мәселелері шешілмеген. Әкімшілік қысым­ды, оның ішінде реттеуші гильотина қағидатын қолдану арқылы азайту қажет. Жалпы, бұл салада сапалы өзгерістер қажет» деді Мемлекет басшысы.

Кәсіпкер Олжас Мамадәлінің айтуынша, бизнеске бір-бірімен тізбектеліп жатқан бағдарлама емес, қарапайым, баршаға түсінікті ойын ережесі керек.

«Бизнестің 200 компанияға бөлшектеніп кеткен жағдайы жиі кездеседі. Бірақ сол 200 компанияның табысы лимиттен аспаса салық сомасы сол деңгейде қалады. Бизнеске табысы шекті мәннен аспайтын 100 түрлі субьекті үшін бөлек-бөлек салық төлегеннен бір нүкте арқылы төлеген тиімді. Шағын бизнестің жұмысын тым жоғары салықпен реттеудің қажеті жоқ. Оның көлеңкеге кетіп қалмай, заңды жұмыс істеуінің өзі үлкен жетістік. Төмен салық жүк­темесі кәсіпкерге өз компания­сын дамытуға, көп ақша салуға көмектесуге тиіс. Алғашқы ке­зең­­де күш жиып, қаржы жиып алған кәсіпкер трансформация­дан қорықпайды» дейді кәсіпкер.

Ел ішінде шағын және орта бизнестің салық жүктемесінің айырмашылығын заңдастырып алу керек деген пікір жиі айтылады. 2023 жылдың соңына дейін жеке кәсіпркерлік субьек­тілері (ЖК) және шағын бизнес үшін мораторий жарияланды, табыс салығынан босатылды. Ал орта бизнеске мұндай жеңіл­діктер жасалған жоқ. Кәсіп­­­кер шағын және орта бизнеске қатысты ортақ түсінік қалып­­тастырмауымыз керек. Екеуі­нің ара-жігін айқындап алу­­дың маңызы жоғары. Бізге бір мез­гілде реттеуді, екінші жағынан са­лықтық әкімші­лен­діруді өзгер­ту жайын ойлану керек дейді ол.

«Бүгінге дейін қолданыста болған Салық кодексінде жыл­дық айналымы бірнеше млрд теңгедан асып кеткен биз­нес субьектілеріне ең төменгі деңгейде салық төлеуге мүмкін­дік беретін қалтарыстар көп болды. Бизнес заңдағы ақтаңдақ тұстарды пайдаланып, салықтан жалтарды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты қайта реттесе мұндай құбылыстарға жол бермейді деп үміттенемін», дейді кәсіпкер.

 

АЛМАТЫ