• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2015

Көлік «ардагері»

436 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысына қатысқан «Газ-67Б» мәшинесі Барқытбел бауырында су тасып жүр Жазда көргенбіз. Тарбағатай ауданындағы жұмыс сапарымыздың түйіні еді. Біз арнайы келген Ырғызбай әулиенің кешені жаңғыртылып жатты. Күмісті жайлауындағы құрылыс қызу. Кесене жанына ызғытып келіп тоқтаған әлдебір көліктен жұмысшылар жүк түсірді. Алыстағы Баянауылдан әкелінген қызыл тасты қашап жатқан шеберлерге сүйсіне қарап тұрғанбыз. Енді назарымыз ескі көлікке ауды. Елуінші жылдардың көлігі ме?.. Әлде, алпысыншы жылдар ма екен?! Әйтеуір, ерте шақта ерттелген техника екені анық. – Зауыттан 1942 жылы шыққан, – деді әулие мазарының шырақшысы, көрнекті коллекционер Болат Тағабай. – Бәсе, Ұлы Отан соғысы туралы кинолардан көрген көліктер сияқты, – дейміз ағамызға қарап. Бөкең езу тартты. Бір ризашылық әлпетінен есті. Айтуынша, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көлік көрінеді. Таяуда кесенеге зиярат ете барғанда есік алдында тұрған көлікке тағы көзіміз түсті. Осы жолы індете сұрадық. Польша жерінде жүрген екен. Жай жүрмеген, қан майданның, от пен оқтың ортасында жүрген. Әрине, қай офицер мінді, қандай ерлік көрсетті, нендей тағдыр кешулерге куә болды? Оны айтып берер көлікте тіл жоқ. Бір білерлігі, біраз жылдар бұрын аманатпен Шығыстағы рухани орталықтардың біріне айналған әулие Ырғызбай кешеніне жеткізілген. Осыдан үш жыл бұрын аудан орталығы – Ақсуатта өткен әскери шеруге қатысыпты. Тарбағатайлық тұрғындар Жеңіс күніндегі шаттықты бөліскен «ардагер көлікті» қызықтап, оған отырып көріп, баршасы суретке түскен. Таңғаларлығы, көне көлік 80 шақырымдық қашықтықта орналасқан аудан орталығына қақалмай, шашалмай, желдей есіп, жап-жақсы барып келіпті. Болат Құнанбайұлының айтуынша, көне көлік биыл да Жеңістің 70 жылдық мерейтойлық шеруіне қатыспақ. Әлбетте жүргеніне 30 жыл болған көліктердің қаңқасы металл қабылдайтын орындардан табылып жатса, мына көліктің техникалық паспорты мен барлық құжаттары бар болып шықты. «Газ-67Б» маркалы көліктерді Қызыл Армияда «козел» немесе «козлик» деп атаған. «Руский вилис» деп те атайды. – Мәшиненің газ шығару және оталдыру бөлшектерін ғана ауыстырдық. Двигателі мен қалған бөлшегінің бәрі өзінікі. Бұл кеңестік конвейерден көп мөлшерде шығарылмаған мәшине. Белгілі партиядан соң тоқтап қалған. Яғни 4 мыңнан астам данасы ғана шыққан. Өте мықты көлік. Осы кешенге зиярат етушілерді тасып, тау-тас­ты аралатып жүрген осы – «Газ-67Б». Оның үстіне күн сайын Күмістібұлақтан су тасиды. Көрген жандардың бәрі көнбістігіне таңғалады, – деді Болат Тағабай. Бірде киностудиядан келген меймандар көлікті фильмге түсіруге сұратқан екен. Қомақты қаржы ұсынушылар да бар көрінеді. Оған кесене шырақшысы келіспепті. Бөкеңнің осы орайда өз ойы бар. Коллекция жинаумен тиянақты түрде айналысып келе жатқан ол Ұлы Отан соғысына қатысты біраз жәдігерлерді жинап үлгеріпті. Айталық, антикварлық дүкендерді жиі аралайтын азаматтың жеке қорынан кеңестік жауынгерлердің соғыс кезінде пайдаланылған сусын құятын торсығын көрдік. 99,5 пайызы таза алюминийден жасалған ыдыстың ішіндегі су бұзылмайды деседі. 1904 жылы шыққан кофе қайнатқыш ыдыстың ернеуіне лупа әйнегімен қарағанда немістің свастикалық белгісін көруге болады. Ал оқ тескен кас­каларды Нижний Новгородтан әкелген. Оның ішінде кеңестік жауынгерлердің де, неміс басқыншыларының да каскалары бар. Сондай-ақ соғыстан қалған тат басқан миномет, граната, сапер күректері, танк минасы, соғыс уақытында шыққан чемодандардың түр-түрі бар. Ерекше құнды дүниенің бірі – 1941 жылы Германиядан шыққан неміс велосипеді. Оның шар-шар еткен қоңырауы әлі жұмыс істеп тұр. Өте сапалы шыққан әрі жақсы сақталған велосипед майлап, дөңгелегін үрлесе бүгін де тебуге жарап тұр. Қолына пулемет ұстаған кеңестік жауынгердің мүсіні де үлкен естелік екенін байқауға болады. Мүсінге «Коспанову Сартай Букановичу за излечение от тяжелого недуга. Деркач. Г.Е. ІІІ.08.1947г» деп бедерлеп жазылған. Ал генералдардың шені іспетті үш жұлдызды портсигар штабта тұратын сәнді дүниелердің бірі болса керек. Ашылғанда жағымды музыка ойнайтын портсигардың «Беломорканал», «Север», «Прибой» атты папиростар салуға арналған бөліктері бар. Болат Тағабай әкесі Құнанбайдың наградаларын, Жұмабай және Тұмарбай есімді екі ағасымен бірге түскен суретін көрсетті. Бір үйден соғысқа аттанған үш ағайындының бірі Тұмарбай 1942 жылы тамызда қаза тауыпты. Оның жерленген жері жақында ғана табылыпты. Тұтқынға түскені, концлагерьде атылғаны, Польшаның Отвоцк ауданында жерленгені анықталды. Жауынгер зираты қазір ит тұмсығы өтпес қалың орман болып кеткен. Тіпті, ертеректе соғыс техникалары жүрген жол да көрінбей қалған. – Бұл жердегі бауырластар зиратында «Захоронения монголов» деп жазылған екен. Яғни олар үшін азиялықтар моңғолдар болып саналады. Негізі, поляктар Қызыл Армияны дәріптемейді. Тіпті, Польшада Ұлы Отан соғысына қатысты мұражай да жоқ. Олар өз жерін «әлемдік зират» деп атайды. Өйткені, басқыншылардың бәрі, олардың ішінде түрлі кезеңде түріктер де, француздар да, немістер де, орыстар да поляк жерімен өткен. Қайсысы өтсе де жергілікті халық зардап шеккен. Сол сияқты 1942 жылы Польша немістердің оккупациялауында болды. Немістер концлагерьде жарамсыз болып қалған тұтқындарды атып отырған. Соған орай жүргізілген картотека ғаламторда жарияланды. Картотекада «48-зират» деп белгіленген жер Зродборов деген шеткі елді мекенде орналасқан. Онда «Тагабаев Туманбай» деп көрсетіліп, туған жері «Кезик» деп жазылған. Кезик дегені – оларды соғысқа аттандырып салған Қызылкесік ауылы. Емдеу лазаретінде болған Тұмарбай 1942 жылы 22 қыркүйекте атылған. Әкеміз өмір бойы ағасының зиратын іздеп, таппай кеткен еді. Осы зиратты 73 жылдан кейін тауып отырмыз. Себастьян есімді мұражай қызметкерінің көмектесуімен таптым. «Мұнда 1941-1945 жылдары соғыста қаза тапқан Қызыл Армия әскерлері жерленген» деп жазып қойыпты. Ағаштан жасалған белгі, қоршау о баста болғанымен 70 жыл қараусыз қалған қорымның орнында жуан ағаштар өсіп, орман болып кетіпті. 1921 жылы туған Тұмарбай майдан даласынан жолдаған хаттарын өлеңмен өріп отырған. Мәселен, 1942 жылы ақпанда жазған хатында: – Әуелі хат жазайын анамызға, Берсеңіз ықыласты балаңызға, Мені ойлап деймін ана жылай берме, Көп емес, екі-ақ жылда барамыз да. Қарады Көкпектіде комиссия, Капитан кеткен екен әскер жия, Денсаулық «здоровый» жарайсың деп, Қағазға шимай салды қара сия. Ішінде қызыл вагон жарқыраған, Алдында «қара бұқа» арқыраған, Тау мен тас, ел-жұртымды ойыма алсам, Қалдың ғой қайран Боғас сарқыраған, – деп бастап, бүкіл ағайын-туыс, жақын-жұрағатын аттарымен атап, ақ өлеңмен сәлемін жеткізген. Сондай-ақ Алматы, Мәскеу сияқты алып қалаларда болғанын, Еуропаға енгенін, елге деген ішкі сағынышын параққа түсірген. Ал әкеміздің Жұмабай есімді үлкен ағасы соңғы хатында Батысқа қарай бет алғанын жазған. Әрі қарай із-түзсіз, хабарсыз кеткен. Сондықтан Ұлы Отан соғысындағы боздақтарымыз мен ардагерлерімізге арнап, Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақсуаттағы әкеміздің үйін мұражайға айналдыруды көздеп отырмын. Осы заттар мен жәдігерлердің барлығын сол мұражайға қойылатын болады, – деді Болат Тағабай әңгімесінің соңында. Оның ішінде көне көлік те бар. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы. Суреттерді түсірген автор.