Жыл басынан бері 89,1 мың азамат Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстан өткені туралы сертификат алған. Курс оқығандардың ішінде 44,5 мыңға жуық адам жұмыссыз.
Платформаға қазірдің өзінде 474 мыңнан астам пайдаланушы тіркелсе, олардың 390 мыңнан астамы оқуды сәтті аяқтап, сертификатын алған. Қолданушылардың 113,4 мыңы биыл тіркеліп отыр. Оқудан өткен 44,5 мың жұмыссыз азаматтың 13,8 мыңға жуығы – негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облысының, Шымкент қаласының жастары. Платформа іске қосылғаннан беріге дейін авторлар түрлі бағыттарда 608 курс жариялап үлгерді. Оның 276-сы тегін.
Халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға, «Өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған платформадағы курстардың ұзақтығы 1 сағаттан 72 сағатқа дейін жалғасуы мүмкін. Қыркүйекте ең көп сұраныста болған курстардың ішінде «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе», «Сатушы», «Қонақүйде сату бөлімін құру», «Әлеуметтік жұмыс негіздері», «Персоналды басқару» сынды бағыттар бар. Платформада мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қызмет көрсету, SMART SKILLS және басқа да салалардағы түрлі мамандық бойынша тегін курстардың саны үнемі артып отырады. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты арқылы онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған. Оқуға skills.enbek.kz сілтемесі арқылы немесе enbek.kz сайтындағы «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.
Былтыр желтоқсан айынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқуға болады. Қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеу қиын шаруа емес.
Skills Enbek платформасында енді Influencers-тің жастарға арналған курстары да қолжетімді болады. Себебі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен Influencers әлеуметтік-білім беру платформасында ынтымақтастық туралы келісім жасады. Серіктестік аясында Influencers әзірлеген бейнематериалдар мен оқу бағдарламалары Skills Enbek платформасына орналастырылады. Қазірдің өзінде Skills Enbek пайдаланушылары үшін Influencers сарапшыларының қаржылық сауаттылық курстары қолжетімді. Осы ынтымақтастық алда кәсіби өсуге, әсіресе жастарға білім беру үдерісін, басқа курстардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Ольга Киселева азаматтардың дағдыларын жетілдіруге септесетін курстардың қатары толығып, жаңарып отыратынын айтады.
«Skills Enbek платформасы үздіксіз кеңейіп, дамып келеді. Азаматтардың білім алуына осылай көңіл бөлініп, оларды тың дағдыларға үйрету тұрғысынан мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Пайдаланушыларымыздың шамамен 40 пайызы – жастар. Оларға курстардың өзектілігі, алуандығы мен сапасы ерекше маңызды. Біз мұны біліп, ескеріп отырмыз. Алдағы күндерде де қаперден шығармаймыз», – дейді О.Киселева.
Skills Enbek іске қосылған сәттен бастап платформаға түрлі бағыттарда 608 курс орналастырылған. Оның ішінде 276 курсты тегін оқуға болады. Мұндай курстардан өтуге кім-кімнің болса да мүмкіндігі бар.