Үндістанның Хайдарабад штатындағы мектептердің бірінде отандасымыз Айман Мамедалиева қызмет етеді. Бір қызығы, бакалавр мен магистратураны «Қазақ тіл мен әдебиеті» пәнінен тәмамдаған ол Африкадағы қара домалақтарға да ағылшын тілін игеруге көмектескен.
Еңбек жолын Тараз қаласындағы Білім инновация лицейінде бастаған Айманның Африкаға, одан кейін Үндістанға барып сабақ беріп жүргені кім-кімге де қызық шығар. Өйткені мұндай тәуекелге әркімнің жүрегі дауаламайды. Оның үстіне ол жақтағы оқушыларға қазақша қамзол кигізіп, Абай өлеңін жатқа айтқызса, кейіпкеріміздің осал болмағаны да.
– Африкаға қандай жел айдап апарды дейсіз ғой? Ол жаққа күйеуімнің жұмыс бабымен бардық. Мен шет тілінен сабақ бердім, сондай-ақ кітапханада жұмыс істедім. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүрді. Жалпы мұндағы білім жүйесі екі түрлі. Яғни бұл құрлықтағы мемлекеттер отарлаушы елге қарай ыңғайланған. Мысалы, ағылшын отарында болған Танзания, Нигерия, Кения сынды елдердің даму қарқыны салыстырмалы түрде жоғары. Ал француз отарында болған мемлекеттер артта қалған. Мен осы француз отарындағы Орта Африка елінде болдым. Ол жақтағы білім жүйесін біздің елмен салыстыруға келмейді. Бірақ өз деңгейінде кейбір қызық оқыту әдістемелері бар. Мәселен, тақтаға сурет салып, сабақ түсіндіру барлық сыныпта кездесетін әдіс. Одан бөлек, африкалықтар биге бейім халық қой. Бізде адам қайтыс болғанда жоқтау айтсақ, ал мұндағылар қайғылы сәтте де билейді. Сондықтан осы өнерлерін оқыту кезінде тақырыппен орайластырамыз. Тағы бір айта кетерлігі, француз тілінде екі немесе үш әріп қосылып бір дыбыс береді. Сол себепті мұнда сауатты жазуға аса қатты мән беріледі, – дейді ол.
Айман Мамедалиеваның айтуынша, елімізде алған білімі мен тәжірибесі шет мемлекетте көп көмегін тигізген. Сыныпты топтарға бөліп оқыту, олардың білгенін ортада талқылау секілді әдістемелік тәсілдерді қолданып, оқушылардың да, оқытушылардың да көңілінен шыққан.
–Үндістанда түрік тілінен сабақ беремін. Біздің елмен салыстырсақ, бірнеше өзгешелік бар. Атап айтсақ, онда сабақ маусымда басталады. Балалар екі тоқсан ғана оқиды. Тоқсан арасында бір апталық демалыс бар. Мүмкін климатқа да байланысты шығар. Одан бөлек, таңғалдырған дүние – кез келген оқушының төрт тілде емін-еркін сөйлей алатындығы. Бір баланың хинди, урду, телегу, ағылшын тілінде сайрап тұруы қалыпты жағдай. Үндістанда шетел азаматы ағылшын тілінен сабақ бере алмайды. Себебі ол елдің тарихын жетік білуі шарт. Мұғалімге қояр талаптары өте жоғары. Тағы бір айта кетерлігі, оқытылатын пән біздің елдегідей көп емес. Бас-аяғы 6 пән ғана оқытылады. Оқушының білім деңгейіне қарай дұрыс жүйеленген. Мектеп 3 жастан басталып, 10-сыныпқа дейін оқытылады. Бала 11-12 сыныпты өз бағытына қарай колледждерде жалғастырады. Бұдан кейін университетте оқиды. Осы уақытта оқушы өзінің қандай мамандыққа бейімділігін анықтап, дұрыс шешім қабылдай алады. Демек мамандықтан адасып, орта жолдан оқуын тастап кетпейді, – дейді А.Мамедалиева.
Айман тарихи отанынан тысқары жүрсе де ұлттық құндылықты дәріптеп, елдегі білім жүйесінен хабардар болып отырады. Тіпті шетелдегі тәжірибесін жинақтап, «Бізге бәймәлім Банги», «Үндістан үні» атты кітаптарын жарыққа шығарған.
– Әр педагогке айтар тілегім, баланы шынайы жақсы көріңіз. Сабақ беріп, сыныптан шығып кетуді емес, оқушының жан дүниесімен сырласуды, оны барынша танып, әңгімелесуге құштар болыңыз. Мұғалімдік жол – ауыр жол. Бұл сала үлкен күш-жігерді талап етеді. Баршамызға нағыз ұстаз болу бақыты нәсіп болсын. Шығармашылықта сарқылмас күш-қайрат тілеймін. Алты алашқа қызмет етуден ләйім шаршамайық, әріптестер, – деп Айман Мамедалиева еліміздегі барша ұстаздарға ыстық лебізін білдірді.