Алматыдағы «Халық Арена» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан «Denis Ten Memorial Challenge 2024» V халықаралық турнирі өтті. Оған 31 мемлекеттен 120 спортшы қатысты.
Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған дүбірлі доданың алғашқы жүлделерін әйелдер сарапқа салды. Биыл ғана Ресейден Қазақстанға қоныс аударып, бұл күндері еліміздің туы астында өнер көрсетіп жүрген Софья Самоделкина қорытынды есепте 189,67 ұпай жинап, күміспен күптелді. Ол тек өзінің бұрынғы отандасы Анастасия Губановадан қалып қойды. Тольяттидің тумасы қазіргі кезде Грузияның намысын қорғап жүр. А.Губанова 195,91 ұпай жинады. Қола медальды үндістандық Лара Наки Гуттман (188,86 ұпай) иеленді.
Жалпы, бесінші рет ұйымдастырылып отырған турнирде еліміздің мәнерлеп сырғанаушы қыздары бірде-бір рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген емес. Бұған дейінгі жарыстарда ресейлік Серафима Саханович (2019 жылы), белоруссиялық Виктория Сафонова (2021), оңтүстіккореялық Ким Мин Чхэ (2022), израильдік Мария Сенюк (2023) жеңімпаз атанған еді.
Ерлер сайысында Михаил Шайдоровқа айрықша сенім арттық. Осыдан екі жыл бұрын жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанған отандасымыз ересектер арасында да жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Оның үстіне жігіттеріміз де Денис Теннің турнирінде топ жарған емес. Бұл ретте ең үздік нәтижеге Диас Жиренбаев қол жеткізгенін айта кеткен абзал. 2022 жылы ол күміс медаль еншіледі. Ал бас жүлденің екеуін грузиялық Морис Квителашвили (2019) мен Ника Егадзе (2022) олжаласа, ресейлік Петр Гуменник (2021) пен кореялық Им Джу Хонда (2023) бір-бір реттен дараланды.
Ішкі түйсігіміз алдамаған екен, Алматыда керемет өнер көрсеткен Михаил Шайдоров алтын медальды мойнында жарқыратты. 262,33 ұпайды қоржынға салған ол барлық қарсыласынан қара үзіп кетті. Күміс пен қола медаль әзербайжандық Владимир Литвинцев (246,00) пен грузиялық Ника Егадзеге (242,43) бұйырды.