12–13 қазанда Ақтауда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Азияның ашық кубогі өтеді. Маңғыстау облысында күрестің осы түрінің дамуына үлкен үлес қосқан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған жарыста Моңғолия, Гонконг, Үндістан, Иран, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстаннан 200-ге жуық спортшы бақ сынайды.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) президенті Геннадий Головкин Парагвайдың Асунсьон қаласында өткен Panam Sports Бас ассамблеясына қатысты. Іс-шара барысында ол Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бахпен кездесті. Головкин Бахты өзі басқарып отырған World Boxing Олимпиада комиссиясы жұмысының барысымен таныстырып, алдағы жоспарлары туралы айтты.
6–9 қараша аралығында шайбалы хоккейден Алматыда жалауы желбірейтін Азия чемпионатының кестесі жарияланды. Айналмалы жүйеден өтетін жарыста мына командалар өзара шеберлік байқасады: 6 қараша – Жапония мен Қытай (16:00). 6 қараша – Қазақстан мен Оңтүстік Корея (19:30). 8 қараша – Жапония мен Оңтүстік Корея (16:00). 8 қараша – Қазақстан мен Қытай (16:00). 9 қараша – Қытай мен Оңтүстік Корея (16:00) және 9 қараша – Қазақстан мен Жапония (19:30).
УЕФА футзалдан ұлттық командалардың рейтингін жариялады. Әлем чемпионатының ширек финалында Аргентинадан ойсырай ұтылғанына қарамастан, ел құрамасы (2699,121) екінші орында тұр. Көш басында – Португалия (2940,953). Үздік үштікті Испания (2634,351) түйіндеп тұр. Сондай-ақ ТОП-10-дыққа Ресей (2547,159), Украина (2269,716), Франция (2205,201), Хорватия (2007,949), Финляндия (1970,212), Нидерланд (1955, 848), Польша (1924,072) құрамалары енді.
Италиялық Николь Фоссамен жұптасып өнер көрсеткен қазақ теннисшісі Жібек Құламбаева Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен ITF W75 турнирінде топ жарды. Жүлде қоры 75 000 доллар құраған жарыстың жартылай финалында олар Бразилия мен Боливияның дуэті Таиса Педретти/Нэолии Себалосқа сан соқтырса, ақтық сында Элени Христофи (Грекия)/Аврора Зантедешиден (Италия) 3:6, 6:2, 10:4 есебімен басым түсті.