Семей – өткен ғасырдың басынан бастап қазақ зиялылары бас біріктірген тарихи мекен. Мұнда азаттықтың алғышарты алға қойылып, тәуелсіздіктің тұғыры да осында бекіді. Семей қаласының сол жағалауы Жаңа Семей бөлігі Алаш қаласы аталып, ұлт қайраткерлері бас қосатын ғимараттар сап құрады. Алаш қаласындағы тарихи ғимараттар мен тұрпаты бөлек тұлғаларға қатысты орындар жетерлік. Солардың бірі – осы өңірде алғаш ашылған тұңғыш қазақ мектебі, бүгінде Шәкәрім баба есімін иеленген көпбейінді №5 гимназия.
Аталған мектеп 1924 жылы бұрынғы Алаш қаласында, яғни Жаңа Семейде бастауыш мектептердің бірі болып ашылды. Сол кездегі бұратана ұлт ретінде қырғыз ерлер мектебі және қырғыз әйелдер мектебі деп аталды. 1926-1927 жылдары шаруа жастар мектебі болып ашылған. 1934 жылы Семей қаласындағы №5 толық емес орта қазақ мектебі болып қайта құрылып, білім кеңістігіне құлаш сермеді. Соғыс жылдарында орта мектеп одан кейін қыздар және ұлдар орта мектебі болып екіге бөлінді. Ел Тәуелсіздік алған 1991 жылы №5 орта мектепке мектеп-гимназия мәртебесі беріліп, 1992 жылы Шәкәрім атын иемденді. «Үздік мамандандырылған мектеп», «Орта бiлiм беретiн үздiк ұйым» атанған білім ошағының тарихы тым тереңде.
Данышпан ақын, кемел ойлы кемеңгер Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлт мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен Алашорда үкіметінің төбе биі – соты болып әділдік іздегенін білеміз. Оның аталған мектептегі алғашқы әрі жетекші ұстаздарының бірегейі Қайролла Ибрагимовпен тығыз араласқаны естеліктерде кездеседі. Қайым Мұхамедхановтың «менің ұстазым еді» деп тебірене еске алатын Қайролла ұстаз – Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде Бейімбет Майлин, Мәннан Тұрғанбаев, Тайыр Жомартбаев тұрғылас қазақ зиялыларымен бірге оқып, «имам хатип уә мүддәрис» атағын алған адам. 1918-1919 жылдары Семейде ашылған тұңғыш бастауыш қазақ мектептерінің басшысы лауазымын атқарған.
Біз сөз етіп отырған Алаштан қалған құтты орданың жүзжылдық жылнамасында 1924 жылдан бастап бертінге дейін айтулы тұлғалар мен қазақ тарихының көрнекті өкілдері, білім саласының бітімі бөлек педагогтері директор болған. Осы тізімде алғашқы Алаш мұғалімі Қайролла Ибрагимов, ақын, көсемсөзші Тұрлыхан Қасенов, Қазақ КСР ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев, «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Әнуарбек Дүйсенбаев, жазушы, ғалым Сейітжан Тәбәріков, асылдың сынығы Мұрат Мәнәнұлы Тұрғанбаев, Абай елінің абыз ақсақалы, шежіреші, этнограф Молдабек Жанболатов, халық ағарту ісінің озық қызметкері, он алты жыл бойы Шәкәрім атындағы мектептің директоры қызметін абыроймен атқарған Алма Медетқызы Әубәкірованың да ерен еңбегін ескерген жөн. 90 жылдық мерейтой қарсаңында білім ордасының тарихын түгендеп кітап шығарып, өткенін бүгінге оралтып, қыруар қызмет қылды. 2007 жылы директорлыққа тағайындалған Алма Медетқызы үлкен өмір белесі мен еңбек тәжірибесін меңгерген ұстаз болғандықтан, жаңа қызметке құлшыныспен кірісті. Мектепке берілген жаңа мәртебеге сәйкес мектеп Жарғысын жазып, құжаттарын толықтай қайта ресімдеуді қолға алды. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың азаматтық қолдауымен 2011 жылы 21 ақпанда өңір басшысының №20 қаулысы бойынша облыстық бюджетке өтіп, «Шәкәрім атындағы облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп» мәртебесіне қол жеткізді. Мектепті облыстық бюджетке көшіруден басталған жұмыс ғимарат шатыры мен төбесін, кабинет есіктерін, санитарлық тораптарды ауыстыру сияқты тағы басқа құрылыс жұмыстарына жалғасты. Осы шақта мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуда интерактивті кабинеттер ашылып, компьютермен жабдықтауға, мектепті бірыңғай желіге қосу, интернет жұмысын пайдалануға баса назар аударылды. Мектептің ішкі, сыртқы безендіруінің нобайы дайындалды. Пән кабинеттері ашылып, көрнекі құралдармен жабдықталды, ағылшын тіліндегі математика, физика, химия оқулықтары, кабинеттердегі жиһаздар жаңартылды, асханаға, спорт саласын дамытуға, технология кабинеттеріне қажетті техникалық құралдар алынды. Математика, физика, химия пәндерін ағылшын тілінде оқытатын кадрлармен толықтыру, олардың біліктілік деңгейін көтеру мәселесі күн тәртібіне енді. 2007 жылы білім сапасын арттыруда оқу бағдарламасына сәйкес 1 «Дарын» сыныбы ашылса, 2013 жылы мұндай сыныптың саны 20-ға жетті. Осы күндері мектепте оқуға тілек білдіргендердің саны артып, мектепке қабылдау тест, әңгімелесу арқылы жүргізіліп, конкурстық негізде қабылданатын болды. Сөйтіп, Алаштан қалған оқу ошағының тынысы ашылып, абыройы асқақтап сала берді.
Қазақ елінің атырабында білім шамшырағын жаққан Жұмабай Бояубаев, Ғазиз Сапаев, Разия Сейсембаева, Рахима Қантаева, Төкен Жұманов, Оразбике Махмутова, Әдия Смағұлова сынды мұғалімдердің есімдері аталған оқу орнының тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Оқу мен мектептегі үздік табысы, үлгілі тәртібі үшін «Алтын медаль» мен «Күміс медаль» белгілеріне ие болған Шәкәрім атындағы мектептің түлектері тарих тақтасына таңбаланды. Бүгінде мектеп ұжымы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылымның биік тұлғасы Қайым Мұхамедханов, филология ғылымдарының докторы, академик Сейіт Қасқабасов, медицина ғылымдарының докторы Азат Дүйсенбаев, өнертапқыш, профессор, медицина ғылымдарының докторы Қизат Дүйсенбаев сияқты көрнекті жандардың осы мектепте оқығанын да мақтанышпен айтады. Сондай-ақ бұл мектепті елімізге белгілі қаламгерлер мен ақындар, спорт саңлақтары, денсаулық саласының сапындағы білікті мамандар, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі Жеңіс Диханбеков, боксшылар Жақсылық Ілиясов, Әділет Егізеков, дәстүрлі әншілер мен өнер адамдары Отантай Кәрібжанов, Нұриден Иманбаев, Берік Омаров, Гүлдана Ноғайбаева, журналист Ілияс Исаханов, Абай өңіріне белгілі меценат Марат Құрманбай тәмамдаған.
Білім сапасын, мектеп беделін арттыруда мұғалімдердің рөлі зор. Тарихи білім ұясында еңбек етіп жүргендер педагогтерге арналған республикалық байқауларда бақ сынап, өз тәжірибесін ел көлемінде бөлісіп келеді. «Үздіктен үйрен» жобасы аясында үздік ұстаздар қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде өткізілген семинар, форумдарда шеберлік алмасып жүр. Өйткені осы оқу ошағындағы 4 бірдей мұғалім «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы атанған. Жүзжылдық мектеп тарихындағы білім мен ғылым, өнер мен мәдениет, тағы басқа әртүрлі салада жетістіктерге жетуі, жыл сайын үздік мұғалімдердің шығуы жылдар бойы қалыптасқан әдістемелік жұмыстардың жемісті нәтижесі екенін әйгілейді. Бүгінде гимназияда 7 «педагог-шебер», 37 «педагог-зерттеуші», 33 ғылым магистрі, 1 жоғары санатты педагогтерден, кәсіби әлеуеті жоғары мамандардан құралған 88 ұстаз 1161 шәкіртке тәлім-тәрбие береді.
Гимназия кейінгі жылдары желілік санаттағы мектептермен, ЖОО орындарымен байланыс жасау мен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатты. Аталған гимназияда Steаm бағдарламасы вариативті курс, жоба, эксперимент, балалардың өздерінің еркін әрекеттері арқылы даму мүмкіндігін ұсынады. Оқушылардың қызығушылығын ескере отырып ашылған «Цифрлық сауаттылық», «Роботтехника» курстары оң нәтижесін беріп, гимназия шәкірттері Индонезия, Қытай еліндегі роботтехника сайыстарында оза шауып, топ жарғаны – мектептегі білікті ұстаздардың арқасы.
Гимназияның қазіргі директоры, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, «Үздік педагог-2019» сайысының жеңімпазы Нұргүл Мұқанова шежірелі білім ұясындағы игі істердің барлығы да болашақ қамы үшін қолға алынғанын айтады. «Қазірде білім ұйымдарындағы ең басты мәселе – қолайлы, қауіпсіз орта туғызу. Оқушылардың қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында мектепте 47, ал сыртында 25 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ғимаратта «Жедел сақшы» дабыл тетігі жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында білім ордасының 100 жылдық мерейтойына орай мектепте бірқатар жөндеу жүргізілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен 600 шаршы метр футбол алаңы мен workout алаңы салынды. Бұл оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге мол мүмкіндік беріп отыр. Әлихан Бөкейхан атындағы Smart зертханасының тұсауы кесілгені ғылымды серік еткен сергек ойлы жастарға серпін берері сөзсіз. «Мектеп тарихы» атты мектеп мұражайының ашылуы ғасырға жуық тарих парақтарынан хабар береді», дейді Н.Құлжағазықызы.
Биік белестер мен асқаралы асуларды алыста қалдырған білім ордасының өткеніне бойласаңыз, өшкеніміз жанып, ізі көмескі тарта бастаған тарих бетін парақтайсыз. Ал бүгінін бағамдап көрсеңіз, болашақты бағдар еткен жандардың жанкешті еңбегіне сүйсінесіз. Ұлттың ұстыны, Тәуелсіздіктің тұғырына куәгер болған, өткен ғасырдағы қазақ оқығандары мен зиялыларынан қалған бір белгі – парасат-пайымымызды өсіріп, келешек керегіне жараса, арман не!
Абай облысы