• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 07 Қазан, 2024

Ел таңдауы маңызды

104 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент орталығында орналасқан №211 референдум учаскесіне барып, АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс берді.

Президент өз таңдауын жасаған­нан кейін отандық бұқаралық ақпа­рат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді. Мемлекет басшысы, ең ал­ды­мен, референдум туралы пікір біл­діріп, одан қандай нәтиже күтеті­нін айтты.

– Бүгін – тарихи күн. Халқымыз АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беріп жатыр. Референдум – тіке­лей демо­кратияның өте тиімді тетігі. Хал­қы­мыз қандай шешім қабыл­даса, мемлекетіміздің түпкі байла­мы да солай болады. Нәтиже оң бола­ды деп ойлаймын. Шын мәнін­де, бұл – тағдыршешті оқиға. Сон­дық­тан мен референдумды қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан кейін Президент «Референ­дум қорытындысы бойынша халқы­мыз АЭС салуды қолдаса, оның құ­ры­лысын қай ел жүргізеді?» деген сұрақ­қа жауап берді.

– Бұл – оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Журналистер Президенттен биыл көктемдегі алапат су тасқынынан кейін қандай қорытынды жасалғанын сұрады.

– Тиісті қорытынды жасалды. Бірақ мұндай табиғат апаты бүкіл жер шарында орын алып жат­қанына баса мән беруіміз керек. Жақын­да ғана Орталық Еуропада алапат тас­қын өтті. Оның алдында АҚШ пен Вьетнамда дауыл болды. Сон­дық­тан мұндай апаттарды алдын ала бол­жау қиын. Дегенмен ондай жағ­дай­ға да­йын болып, қажетті шаралар қабыл­дау маңызды. Қазақстан ешкімнің көмегінсіз тасқынның салдарын еңсере алды. Мұны ашық айту керек. Біз адам және қаржы ресурс­тарын осы іске жұмылдырдық. Үкімет пен әкімдер белсенді жұмыс істеді. Оның нәтижесін көріп отырсыздар. Алапат тасқын кезінде зардап шек­кен азаматтар жаңа баспанамен қамтылды. Мен бұған дейін ешкім назардан тыс қалмайды деп уәде бердім. Жалпы алғанда, біз бұл мақсатты орындадық, – деді Мемлекет басшысы.

Содан соң «Egemen Qazaqstan» газетінің атынан Президентке «Халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанған талантты оқушыларға қолдау көрсеттіңіз. Жас шахматшылардың әрбір қадамын назарыңызда ұстап, қолдап келе жатқаныңызды білеміз. Жалпы, бұл қадамның астарында қандай мән бар?» деген сауалымызды қойдық.

– Мәні – терең. Себебі мен жастарды қолдаймын. Мұны үнемі айтып келемін. Мемлекетіміздің келешегі – жастардың қолында. Ол жәй ұран емес. Бұл – біздің басты саясатымыз. Сондықтан келешекте де біз жас­тарды қолдаймыз. Оларға жәрдем береміз. Әсіресе дарынды жастарды қолдауымыз керек. Кеше ғана мұғалімдерге, ұстаздарға марапат табыстадым. Өз сөзімде мұғалімдер бұл қоғамымыздың озық тұлғалары екенін айттым. Олар дарынды жастарға білім беріп жатыр. Сондықтан жас­тарды да, оларды оқытып жатқан мұғалімдерді де мемлекет қолдайды. Сонымен қатар мен кеше ғана ұстаздар қоғамымыздың басты кейіпкері болуы керек екенін айттым. Сондықтан оларға жәрдем беріп, ұстаздардың беделін, қоғамдағы мәртебесін көтереміз, – деді Президент.

Сонымен қатар брифинг барысында «Қазіргі Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұрақ қойылды.

– Менің ойымша, Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде қойған міндеттерімді орындауға тырысады. Жұмысымыз өте қауырт. Ол бұқаралық ақпарат құрал­дарына көріне бермеуі мүмкін. Ақ­па­раттарды жан-жақтан алып отыра­мын. Жалпы, мен көп оқитын адам­мын. Сондықтан елдегі барлық оқиға­дан әрқашан хабардармын. Министр­лердің және Үкіметтің жұмысында кем­шін кетіп жатқан тұстар болса, әлбет­те, ескертемін. Жеті ай деген – көп уа­қыт емес. Үкімет мүшелері өздерін көр­сетуі керек. Ең басты міндет – ел эко­но­микасының дамуына серпін бере­тін мүмкіндіктерді іздеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.