2024 жылдың 7-10 қазан күндері Ашхабад қаласында Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы мәдениет күндері өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Ашхабад тұрғындары мен қонақтары осы күндері қазақ кинематографиясымен, музыка өнері және ұлттық дәстүрлерімен терең таныса алады.
Қазақстан киносы күндерінің ашылуы режиссер А.Сатаевтың қазақ хандары туралы сыр шертетін «Ұлы дала таңы» атты тарихи туындысымен басталады. Сонымен қатар түрікмен жұртшылығына «Паралимпиадашы» фильмі де жол тартады.
Түрікменстан мемлекеттік мәдени орталығының Мукамов сарайында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің «Сарыарқа» атты гастрольдік концерті өтеді.
«Түрікменстан» киноконцерт залында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Saz&Soul: Шекарасыз әуендер» атты гастрольдік концерті ұйымдастырылады.
Негізгі іс-шара 9-шы қазан күні сағат 19:00-де Түрікменстан мемлекеттік мәдени орталығының Мукамов сарайында жоспарланған. Бұл күні екі ел Министрлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы мәдениет күндерінің жабылу салтанаты аясында қазақстандық өнер майталмандарының қатысуымен Гала-концерт өтеді. Аталған концертте Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлішер Кәрімов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары: Расул Жармағамбетов, Абылай Тілепберген, Таңат Сәденов және басқалары өнер көрсетеді.
10 қазанда Ашхабад қаласындағы «Лачын» саябағында ұлы ақын Абай Құнанбаев ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Аталған іс-шараға жергілікті зиялы қауым, ғалымдар, жазушылар, дипломатиялық корпус, шығармашылық одақтар, қазақ диаспорасының өкілдері қатысады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Түрікменстан Мәдениет министрлігінің бірігіп ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның мәдениет күндері 2024 жылы маусым айында Астана қаласында өткен еді.