• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қазан, 2024

Қарағанды облысындағы дала өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр

76 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысындағы дала өртін сөндіру бойынша қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz. 

Министрліктің айтуынша, қазіргі уақыттағы облыстағы Айыр, Шөптікөл, Қызылшілік, Атантай, Теректі  елді мекендеріне өрт қауіпі төніп тұрған жоқ.

Ал Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов қазір Қарағанды облысында жүр. Далалық өрт сөндіру штабтары жұмысын жалғастырып жатыр.

« Ашық аумақта алдын ала ақпарат бойынша ауданы 35 мың гектар жердегі құрғақ шөп отқа оранды. Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып тұр. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 бірлік техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылды. Олар 4 жауынгерлік учаскеге бөлініп, өртті сөндіруге жұмыстанып жатыр», делінген ведомство хабарламасында. 

Бүгін 18:30-дағы жағдай бойынша әуе кемелері өрт ошақтарына 30 рет 50-ден астам тонна көлемінде су төккен.

Ұлттық ұлан, Кувский орманшылығынан, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстары ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен қосымша күштер мен құралдар жіберілген. Қарқаралы ауданында 2 бірлік жылжымалы тамақтану пункті жасақталып, азық-түлік және өзге де керек- жарақ қамтамасыз етілген.

Қарағанды облысы ТЖД 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га құрады.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі Павлодар облысындағы дала өрті алдын ала 10 мың га алқапта оқшауланғанын хабарлаған еді.