Жасанды интеллектінің қарқыны күннен-күнге күшейіп келеді. Мүмкіндігі молайып, барлық салада басымдық алғанына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі» деп атап көрсетті. Осы орайда белгілі IT сарапшы Тимур Бектұрмен аталған технологияның игілігі мен қиындығын сараптап, аз-кем әңгіме өрбіттік.
– Жасанды интеллект пен адам интеллектісінің арасында қандай негізгі айырмашылықтар бар?
– Адам интеллектісі эмоциялар мен интуицияға негізделген, тәжірибелер мен сезімдерді ескере отырып шешім қабылдайды. Ал жасанды интеллект (ЖИ) тек мәліметтерге сүйенеді, ол эмоцияны, этиканы түсінбейді және жаңа нәрсені тек бұрынғы мәліметтер негізінде үйренеді. Сосын жалпы қазір «Интеллект деген не?» дейтін де сұрақ бар. Сондай-ақ «Тек құр интеллект пайда бере ме?» деген де сауал жиі қойылады. Енді мен түсіндірейін. Соғыс ашатындар кім? Гитлер кім? Ол да – интеллект иесі. Ал ол интеллектісін дұрыс бағытта қолданды ма? Жауабын білесіз. Ендеше, жасанды зерде адам интеллектісін толықтай көшіріп алғаны қажет пе, жоқ па деген тағы бір сұрақ туындайды. Одан бөлек, менің ойымша, адам интеллектісі шексіз. Ал жасанды зерде әрдайым шектеулі болмақ. Өйткені ол өзін қалай үйретті, солай әрекет етеді. Адам болса, әрдайым тың идеяларды өмірге әкеле алады. Сондықтан адам баласы мен жасалған дүниені төтесінен салыстыру мүмкін емес. Мысалы, бұл туралы «ЖИ өкіл әкесі» аталатын, Мета компаниясының ЖИ бойынша басшысы Ян Лекун мырза «Қазіргі ЖИ (яғни үлкен тілдік модельдер) логикалық шешім қабылдай алмайды. Айнала дүниеде не болып жатқанын білмейді. Сондай-ақ, адам интеллектісіне жетпеді» деген пікір айтады.
– Бұл технологияның күнделікті өмірімізге ықпалы қандай болады.
– ЖИ біздің күнделікті өмірімізді жеңілдетеді деп ойлаймын. Ықпалы жоғары болады. Осыдан 10 жыл бұрын ғана адамдарды смартфон ұстауға көндіре алмаушы едік. «ІТ маманы емеспін. Ешкіммен сөйлеспеймін. Интернетте жұмысым жоқ. Маған осы батырма телефон жарайды» деуші еді. Ал қазір еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін «WһatsApp» арқылы құда-құдағимен, көрші-қолаңмен сөйлеседі. Банк қызметін қолданады. Аударма жасайды. ЖИ де сондай болады деген сенімдемін. Мысалы, ол сіздің кәсіби жұмысыңызды автоматтандырады. Денсаулық сақтау саласын жақсартады, оқу үдерісін тиімді етеді. Айталық, мұғалім болсаңыз, сабақ жоспарын жасай аласыз. Ата-ана болсаңыз, балаңыздың үй жұмысын бірге отырып істеуге көмектесе алады. Тұп-тура көшіріп алу мағынасында емес, сол сабақты түсіндіру мағынасында. Бірақ оның теріс жақтары да бар. Мысалы, адамның жеке деректерін қорғауға қатысты. Өйткені адамдар ЖИ арқылы жұмыс істеген кезде адамдардың дербес ақпаратын да жүктеп жіберіп жатады. Сондай-ақ жұмыс орындарының қысқаруы секілді мәселелер туындауы мүмкін. Дегенмен басқа бір жаңа жұмыс орындары ашылатынына толық сенімдімін. Олай дейтінім, мен ІТ маман болсам да осыдан 10 жыл бұрын бір күні «Промпт инженер» деген мамандық шығатыны үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді.
– Сонда қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?
– Кейбір мамандықтар, әсіресе, қайталанатын жұмыстарды орындайтын салаларда, яғни өндіріс, әкімшілік қызметтер жойылып кетуі мүмкін. Бірақ сонымен қатар, жаңа мамандықтар пайда болады. Атап айтсақ, ЖИ әзірлеушілері, деректер талдаушылары сияқты мамандықтар жоғары сұранысқа ие болады. Жақында ғана қызық ақпаратқа тап болдым. «McKinsey» деген зерттеу институты бар. Солардың есебіне жүгінсек, 2025 жылға қарай әлемде 85 млн жұмыс орны жойылып, есесіне 97 млн жаңа жұмыс орны пайда болады екен. Сондықтан бұл сұрақ бойынша мен тек қана позитив және оптимист көзқарастамын.
– Сіздің ойыңызша, жасанды зерде журналистика саласына қалай әсер етеді?
– ЖИ журналистикада ақпарат жинау мен талдау үдерісін жылдамдатады, жаңалықтар жазуды автоматтандырады. Бірақ ол адамның шығармашылық қабілетін алмастыра алмайды. Сонымен қатар жалған ақпарат тарату қаупі де арта түседі. Жалған ақпарат қайдан шығады? Ол журналист жасанды интеллект құралына көзсіз сеніп, тұп-тура көшіріп алып жариялаудан шығады. Алайда этикалық тұрғыдан, заңды һәм сауатты тұрғыдан әдеп сақтай отырып қолданса, күнбе-күнгі жұмыстарды тапсыруға болады. Айталық, семантикалық талдау жасау немесе жаңалықтарға классификация жасау деген сияқты. Бұл – шексіз тақырып. Бастысы, жасанды интеллектіні жатырқамай, қолдана бастау қажет.
– Жасанды интеллектіні дамыту бойынша қандай елдер мен компаниялар көш бастап тұр? Қазақстанның бұл саладан алар орны қандай?
– АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдер ЖИ дамытудың көшбасында. Еуропада, әсіресе Францияда да жақсы бастамалар бар. Компаниялар арасында «Google», «Microsoft», «OpenAI» секілді ірі технологиялық корпорациялар бар. Олар енді генератив ЖИ бағытында әзірге көш бастап келеді. Қазақстан ЖИ саласында әлі бастапқы кезеңде, бірақ бізде болашағы зор, тек қана дұрыс саясат пен инфрақұрылым қажет. Тек ЖИ емес, бүкіл салада еліміз қандай, бұл салада да сондаймыз. Миллиардтаған доллар қаржы жұмсалған, 40-50 жылдан бері ЖИ зерттеумен, дамытумен айналысып келе жатқан, әлемдік деңгейдегі университеттері бар елмен Қазақстанды салыстыру, оның орнын іздеу ыңғайсыздау сияқты.
– Жасанды интеллектіні дамыту барысында қандай заңнамалық және құқықтық мәселелерді шешу қажет?
– Ең бастысы, деректерді қорғау және этика мәселелерін шешу қажет. Өйткені ол басқа бір адамға жеке деректерім жазылған мәліметті бермеу керек. ЖИ қолдану барысында адамның жеке мәліметтерін дұрыс пайдалану, ЖИ шешім қабылдаған кезде әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету маңызды. Балағат сөз, дискриминация, фашизм, діни және ұлттық алауыздық туғызатын мәлімет шығармау керек. Өйткені біз көпұлтты мемлекетпіз. Өзге ұлт өкілдері отандық ЖИ қолданған кезде біздің мемлекет жасаған ЖИ оларды шеттететін ақпарат шығармау керек. Бұл – үзілді-кесілді мәселе. Дегенмен айта кетер болсам, біздің ел кез келген заң немесе нормативтік құжат қабылдар кезде, міндетті түрде, халықаралық тәжірибелерді ескереді. Сондықтан заманауи құжат қабылданды деп сенемін.
– Жасанды интеллект технологиясын күнделікті сабақ барысында қалай қолдануға болады?
– ЖИ сабақта оқушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімделген материалдар ұсына алады, тапсырмаларды автоматты түрде тексеріп, оқушылардың үлгерімін бақылап отырады. Сонымен қатар ол мұғалімдерге көмекші құрал ретінде қолданылады, мысалы, күрделі материалдарды түсіндіруде. Өз басым ұлдарыма сабақ орындауда қолданамын. «Үй тапсырмасы 2+2 неше болатынын анықтау керек. Маған бірден жауабын айтпа. Өйткені, мен балаларымның құр көшіріп алғанын қаламаймын. Маған 2+2 дегенге ұқсас есеп құрастырып, неліктен солай шыққанын түсіндір» деп жазамын. Сол кезде ол маған 3+3 неше болатынын, оны қалай есептегенін жазып береді. Сосын «Осыған ұқсас тағы екі есепті тест ретінде таңдау жауаптарымен ұсын», деймін. Таңдау жауаптарын балаларыма көрсетемін. Сол арқылы ол ерінбейтін, ұрыспайтын, жалықпайтын ЖИ ассистент арқылы жаңа технологияны өз пайдасына жаратады. Осы секілді бірнеше мысалды шексіз ұсынуға болады.
– Жасанды зерде қазақшаға сауатты болу үшін қайтпек керек?
– Қазақ тіліндегі мәліметтер базасын кеңейту қажет. ЖИ қазақ тілін сауатты түсініп, дұрыс қолдануы үшін көп мәтін, әсіресе, ресми және әдеби тілдер жинақталуы керек. Сондай-ақ ЖИ қазақ тіліне бейімделген алгоритмдер мен үлгілерді әзірлеу маңызды. Қазіргі таңда біздің елімізде Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан ұлттық жасанды интеллект моделін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол үшін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тіліндегі мәтіндер мен сөздердің сауатты талдануында айтарлықтай жұмыс атқарып отыр. Ол жерде лингвистер ана тіліміздегі мәліметтер қорын сауатты сұрыптаумен айналысады. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның бастамасымен еліміздің бірнеше өңірінде жасанды интеллект саласында маман даярлау мақсатында жаңа білім бағдарламалары және шетелдік беделді университеттердің филиалдары ашылып, мамандар даярлауда біраз әрекет жасалып жатыр. Осының барлығы қазақша жасанды интеллектінің сауатты дайындалуына өз үлесін қоса түседі. Дегенмен бірден ескерте кетейін, бұл – тоқтамайтын үдеріс. Жасанды интеллект бір рет жасалып қоймайды. Ол жаңалануы қажет, ол түрленуі керек, қателессе түзетілуге тиіс. Осы себепті Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан мамандар даярлауға көп көңіл бөлініп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»