ҚОСТАНАЙ. 28 қаңтар. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде Қазақ хандығы тақырыбына арналған ІХ халықаралық пікірсайыс өтті. Оған республикадағы жоғары оқу орындары студенттерімен қатар, көрші ресейлік жастар да қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ректор жүлдесі үшін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дебат өте қызықты болды. Әдетте, тарих тақырыбы білімді жастар үшін қашан да тартысты, әрі білім деңгейін көрсетуге жақсы мүмкіндік те болып табылады. Университет қабырғасында өткен халықаралық сайыс осы тұрғыдан алғанда өте тартысты өтті. Үш күнге созылған пікірсайыс жексенбі күні кештетіп, аяқталды. Ұйымдастырушыларға сағат кешкі 17-00-ге белгіленген салтанатты марапаттау рәсімін кешкі 19-30-ға жылжытуға тура келді.
Білім және шешендік сайысының қорытындысында, қазақ лигасы бойынша бірінші орынды астаналық Бекарыстан Аманжолов және қарағандылық Абай Отарбаев алды. Екінші орынды Көкшетау қаласынан келген Асқар Кәкен және Әділет Сенбі (Қазақстан құрамасы) иеленді. Үшінші орын тағы да астаналықтар қанжығасына байланды, яғни Жұлдыз Жүнісова және Бауыржан Әшірәліге берілді.
Ал орыс лигасы бойынша бірінші орынды астаналықтар Мәдина Қабдуалиева және Іңкәр Айтқожина алды. Екінші орынды да астаналықтар – Максим Исаков және Арман Абдрайымов, ал үшінші орынды көкшетаулықтар Дидар Қадыров және Нұрсұлтан Төлеубаев иеленді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.