9-14 қазан аралығында жартасқа өрмелеуден Қытайдың Тайан қаласында Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл жарыста Әмір Маймұратов, Бекнұр Алтынбеков, Жандос Қалибай, Дамир Тоқтаров, Ришат Хайбуллин, Жандос Қалибай, Тамара Ұлжабаева, Әсел Марленова, Азат Майкөтов, Маргарита Ағамбаева, Дарья Кузьменко, Елизавета Литус сынды отандық спортшылар өнер көрсетеді.
Бейжіңде теннистен жасөспірімдердің ITF J300 China Open турнирі өз мәресіне жетті. Өз қатарластары арасында әлемнің 15-ракеткасы атанып отырған Әмір Омарханов бұл бәсекеде бас жүлдені олжалады. Финалда ол британиялық Оливер Бондингтен басым түсті – 6:0, 6:4. Сөйтіп, қандасымыз жекелеген сайыстардағы алтыншы титулына қол жеткізді. Бұған дейін Әмір Таиланд (J300), Оңтүстік Корея (J300), Мысыр (J100), Грузия (J60), Қарағандыда (J60) өткен турнирлерде топ жарған.
Еліміздің танымал кәсіпқой боксшысы Ангелина Лукас (10-1, 5 КО) Бангкокта ұйымдастырылған турнирде аргентиналық Деборой Анаи Лопеспен (21-2-1, 1 КО) жұдырықтасты. Бұл жекпе-жекте отандасымыз төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, IBO нұсқасында екінші аса жеңіл салмақтың чемпиондық белбеуін иеленді.
Бұл күндері Астанада үстел теннисінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. 26 мемлекеттен келген 210 үміткер бақ сынап жатқан дүбірлі додада Қазақ елі намысын Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Ескендір Харки, Айдос Кенжеғұлов, Санжар Жұбанов, Сарвиноз Мірқадырова, Зәуреш Ақашева, Анастасия Лаврова, Әнел Бақыт, Ангелина Романовская қорғайды. Жарыс 13 қазанда аяқталады.
Көру қабілеті нашар шахматшылар арасындағы әлем чемпионатын биылғы жылы Үндістанның Бангалор шаһары қабылдады. Жастар арасындағы жарыста Нұрғиса Қуанышұлы 9 кездесуден кейін 6 ұпай жиып, қола медальды иеленді.
11 қазанда Әбу-Дабиде шымылдығы түрілетін Grand Slam турнирінде еліміздің 13 дзюдошысы татамиге шығады. Олар – Әбиба Әбужақынова (48 кг), Есмигүл Куюлова (63 кг), Назгүл Маратова (+78 кг), Карина Тәкиева (+78 кг), Мағжан Шамшадин (60 кг), Дәурен Сүйекенов (60 кг), Әділбек Берікұлы (66 кг), Дархан Қойбағар (73 кг), Ермек Амангелді (73 кг), Жалғаc Қайролла (81 кг), Руслан Мұсаев (81 кг), Әділет Сапарғалиев (100 кг), Мәди Еділбаев (+100 кг).