Еліміздің бірнеше өңірінде жылу беру маусымы басталды, жақын күндері оңтүстік облыстарда да жылу беріледі. Қыстың қамын жазда ойлаған жауапты мекемелер маңызды кезеңге дайындық тыңғылықты жүргенін айтады. Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының басталуы мен мемлекеттік орман қорын ұлғайту шараларына байланысты мәселелер қаралды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда автономды қазандықтардың дайындығы 100% қамтамасыз етіліп, 19,9 мың шақырым электр желісінде, 376 қосалқы стансада, 4 046 тарату бекеті мен трансформаторларды жөндеу аяқталды. 535 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, бұл – жоспардың 98,5%-ы.
Қазіргі уақытта білім беру мен медициналық мекемелер, сондай-ақ еліміздегі тұрғын үй қорының 99%-дан астамы жылу беру маусымына толық дайын. Осы орайда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев инженерлік желілер мен автономды жылу энергия көздерінің дайындығы қалыпты екенін баяндады.
«Сумен жабдықтау желілерінің 1 025 шақырымы немесе жоспардың 90%-ы жөндеуден өтті, су бұру желілерінің 159 шақырымы немесе 98%-ы жөнделді. Сондай-ақ республика бойынша жылыту маусымына 12 мыңнан аса автономды қазандық дайындалды. Білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үйлердің дайындығы 100%-ды құрайды», деді министр.
Олжас Бектенов барлық жөндеу жұмыстарының мерзімі мен нормаларын қатаң сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда жылу көздерінің резервтік жабдықтарын жаңғырту жалғасуда, жоспарлы жобалар іске асырылып жатыр.
«Ауқымды жұмыстар атқарылды. Оны бөлінген қаржы мөлшерінен де, жүргізілген жұмыс көлемінен де байқауға болады. Енді ең бастысы – жылу беру маусымын қалыпты деңгейде өткізіп, жоспарланған барлық талаптарды сақтай білу. Коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу бөлімшелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Олар кез келген жағдайға шұғыл әрекет ету үшін дайын болуға тиіс. Әкімдерге жылу беру маусымының барысын жеке бақылауда ұстауды тапсырамын», деп атап өтті О.Бектенов.
Премьер-министр халықты қолжетімді көмірмен қамтамасыз ету қажеттігін де атап өтті. Өңір әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік министрліктерімен бірлесіп, коммуналдық, тұрмыстық көмірді жеткізу бойынша барлық мәселені шешу тапсырылды. Көмірді вагондармен тасымалдауға басымдық беру қажет. О.Бектенов тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуына ешқандай кедергі болмауы керек екенін атап өтті. Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта отын қоры жеткілікті деңгейде.
«Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,2 млн тонна көмір, 88 мың тонна мазут жинақталған, жалпы нормаға сәйкес келеді. Тек Риддер жылу электр орталығында көмір қоры 20 тәулік нормадан 14 тәулікті ғана құрайды. Жинақтау жұмыстары жалғасуда. Министрлік өңірлер бойынша бірқатар мәселені бақылауда ұстап отыр», деді А.Сәтқалиев.
Сонымен қатар Үкімет отырысында Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен бірқатар облыс әкімдері баяндады.
Елімізде 2021 жылдан бері қарай шамамен 970 млн көшет егілген. Бұл ретте 5 жыл ішінде республиканың орманды алқаптары 267 мың гектарға ұлғайды.
«Мемлекет басшысы 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл еліміздің орман қорын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін биологиялық әркелкілікті сақтау – экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс, оны ұдайы назарда ұстау қажет. Сондықтан барымызды сақтап, жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», деп атап өтті Үкімет басшысы.
Елімізде 2027 жылдың соңына дейін тағы 1 млрд-тан астам көшет отырғызып, өсіру қажет. Бұл міндетті іске асыру толығымен әкімдіктердің сапалы жұмысы мен министрлік тарапынан нақты үйлестіруге байланысты болмақ. Осы орайда кешенді ғылыми тәсілді қолдана отырып, ағаш отырғызу әдістерін жетілдіру тапсырылды. Сондай-ақ отырғызылған ағаштардың жерсініп кету деңгейіне назар аударылады. Премьер-министр әкімдіктердің санда бар, санатта жоқ ағаштар туралы күмәнді ақпарат беру фактілері кездесетінін, көзбояушылықтың жолын кесіп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керектігін айтты. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ағаш отырғызу көлемін арттыру шаралары орман тәлімбақтарын дамытуға ықпал етті.
«Егілген көшеттердің жерсініп кетуі бойынша алынған деректер қолдағы бар орман тәлімбақтарының жеткіліксіз екенін, ал оларды өсіру технологиясы ескіргенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты еліміз бойынша жалпы алаңы 1 176 гектарды құрайтын қосымша 114 жаңа тәлімбақ салып, 1 орман тәлімбағын реконструкциялау қажет. Облыс әкімдіктері тәлімбақтарды реконструкциялауға және жабдықтауға биылдан бастап 1 млрд теңгеден астам қаржы бөле бастады», деді Е.Нысанбаев.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне әкімдіктер мен өзге де мүдделі органдармен бірлесіп биыл 1 желтоқсанға дейін келесі жылдарға арналған көшет материалдарымен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Ормандарды өрт пен заңсыз кесуден қорғау шараларына ерекше назар аударылады. Өткен жылдарда болған алапат өрттер бұған дейінгі өртке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мардымсыз екенін анық көрсетті. Осыған байланысты қазір елімізде орман шаруашылықтарын, саябақтар мен резерваттарды арнайы өртке қарсы жүйелермен, техника, жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыс қолға алынды. Мәселен, биыл еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 2 305 өртке қарсы техника сатып алуға 52 млрд теңге бөлінді.
Бұған қоса, мемлекеттік орман қорының 900 мың гектары орман өрттерін ерте анықтау жүйесімен қамтылған. Мысалы, Бурабай ұлттық паркінде орнатылған ерте хабардар ету жүйесінің арқасында орман өрттерінің орташа ауданы 50 есеге қысқарды. Келесі жылы мұндай жүйе «Семей орманы» резерватында 3,1 млрд теңгеге енгізіледі.
Аурулар мен зиянкестердің таралып кетпеуі үшін санитарлық жұмыстар жүргізіп, алқаптарды жарамсыз ағаштардан тазарту қажет. Бұлар – өртенген немесе ауруға шалдыққан ағаштар. Біз осындай зақым келген жалпы аумақтың тек 1%-ында ғана ағаштарды кәдеге жаратамыз. Сонымен қатар елімізде оталған ағаштарды қайта өңдеуге арналған жоғары шикізат базасы бар.
Орман өнеркәсібі саласына әлеуетті инвесторлар тартуға басымдық беріледі. Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге, әсіресе бюджеттен тыс қаражатты тарта отырып, орман мекемелеріне қажетті жабдықтар мен техника сатып алуды қаржыландыру шараларын жалғастыру тапсырылды. Сондай-ақ орман алқаптарына тұрақты мониторинг жүргізу, оның ішінде ғарыштық бақылау жүргізілуге тиіс.