• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қазан, 2024

Сақтандыру сегментіндегі іркіліс

115 рет
көрсетілді

Алматыда өткен «Insurance Forum Almaty 2024» халықаралық форумында елімізде апатты тәуекелдерден міндетті сақтандыру тетігі пысықталып жатқаны айтылды. «Экономика мен халық үшін маңызды тәуекелдерді сақтандыру жиыны: апаттық тәуекелдер» сессиясы барысында сарапшылар осы бағыттағы дамытуға тежеу болып келген факторлардың себеп-салдарын талқылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) басқарма төраға­сының орынбасары Мария Хад­жиеваның айтуынша, апат­тық тәуекелдерден сақтан­дырудың тиімді моделін заң­дас­тыру үшін ең алдымен, апат­тық тәуекелдерден ерікті сақтан­дыруды дамытуды ын­та­лан­дыруға көмектесетін ас­пек­­ті­лерді анықтап алу қажет.

«Ел аумағының 75 %-да табиғи, техногенді си­пат­тағы тәуекелдер қаупі жо­ғары. Баспана түріндегі ғи­мараттардың тек 1,5 %-ы сақ­­тандырылған. Апатты тәуе­келдерден сақтандыру ба­ры­сындағы жекеменшік сектор­дың үлесі дәл қазір мардым­ды емес. Жалпы, сақтандыру мәдениеті бізде әлі де болса төмен. Төтенше жағдайларда халық тек мемлекеттің көме­гіне жүгінеді. Бұл нарық заңы­мен алға жүруімізге кедергі», дейді Мария Хаджиева.

Қазір агенттік Дүниежү­зілік банк пен Азия даму бан­кінің Түркия, Испания сын­ды елдерге әзірлеген сақтанды­ру үлгілерінің тә­жірибесін зерттеп жатыр. Бірінші кезекте отандық сақтандыру нарығына тән ерекшеліктер есепке алынады.

«Бұл – мемлекетке страте­гиялық маңызды сала. Мем­лекет-жекемен­шік әріп­тестік (МЖӘ) қағидат­та­рына негізделген көп дең­гейлі жүйе ғана бізге апатты тәуекелдерден сақтандырудың тиімді моделін жасауға мүм­кіндік береді. Ол үшін апат­тық тәуекелдерден ерікті сақтандыруды дамытуды ынталандыруға көмектесетін аспектілерді айқындау қажет», деп түсіндірді М. Хаджиева.

Бұған дейін Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агент­тігі тұрғын үй-жай­лар­ды табиғи апаттардан сақ­тандырумен қамту елде орта есеппен 3,2%, Алматыда 7,7%-ды құрайтынын хабар­лаған болатын. Бұл – халық­аралық өлшемдер бойынша ең төмен көрсеткіш.

«Қаржы секторын 2030 жылға дейін дамыту тұ­жырым­дамасында бұл ба­ғыт ба­сым бағыттардың бірі ре­тінде айқындалған. Мұндай тәуекелдерден сақтандыру жүйесі табиғи апат салдарын азайтып, халық пен биз­нестің қаржылық шығын­дарын өтеу­ге мүмкіндік береді. Соны­мен қатар сауатты­лығымыз да сын көтеретін деңгейде емес. Жылжымайтын мүлік­ті сақтандыру мәдениеті әлі де жетілмеген. Сақтандырушы­лардың қызметіне сенімсіздік басым. Бұл жағдайда халық­ты ақпараттандыру мәселе­лерін пысықтау қажет. Әр­кім сақтандыруды өз мүлкін қорғау тәсілі ретінде емес, отба­сылық бюджетке қосымша жүктеме ретінде қабылдауы әбден мүмкін. Бұл жерде мемлекеттік органдардың азаматтарымен және апаттық тәуекелдерден сақтандыруды енгізу мәселесіне қатысатын барлық қатысушымен дұрыс түсіндіру жұмысын жүргізу маңызды», деп түсіндірді М.Хаджиева.

Бұл ретте сыйлықақы мен тө­лем мөлшері бірнеше фак­торға байланысты. Бірінші кезекте апаттық тәуекелдерден қорғаудың таңдалған моделін­де қарастырылған шарттарға назар аударылады. Шығынның өтелуі тәрізді әлеуметтік маңы­зы бар факторлардың бәрі заң шеңберінде шеші­леді. Сейсмология саласын да­мытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында ел аумағының шамамен 40%-ы сейсмикалық аймақ саналатыны айтылған. Жер сілкінісі қаупі жоғары өңірлерде 7 миллионнан аса адам тұрады екен.

Бүгінде Шығыс Қазақ­стан­да 8 балға дейін, оңтүс­тік өңір­лерде 8-9 балға дейін, орталық және Батыс Қазақ­станда 6-7 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аудандар бар. Алматы, Шымкент қалалары, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Ал­ма­ты, Абай, Жетісу облы­сы аумақ­тарында сейсми­ка­лық қауіп жоғары. Қазір ел көңі­лінде «апат болған жағ­дайда мемлекет шығынды өтей ала ма?» деген алаң көңіл бар. Форумның пленарлық үзілісі кезінде «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қо­ры» басқармасының төр­аға­сы Ерлан Бұрабаевпен әң­гімелесудің сәті түсті. Төр­аға бізбен әңгімесінде қа­зір­гі ұсыныстар бойынша мін­детті сақтандыруды енгізу барлық тұрғын үй нысанының үштен бір бөлігін ғана жабатынын, үйді қандай шарттармен сақтандыруға байланыс­ты жайттардың бәрін егжей-тегжей пысықтау керектігін айтты. Төтенше жағдайлардың шығыны Үкі­мет жанындағы арнайы қор­дан бөлінеді. Жет­пеген қар­жыны бюджеттен немесе Ұлт­тық қордан алады. «Мұ­ның бәрі экономиканың дамуын айтарлықтай тежеп, бюд­жеттік, оның ішінде әлеу­меттік бағдарламаларды қайта қа­рауға мәжбүрлейді», дейді ол.

«Бірақ мемлекет кез келген жағдайда халықты апат өтінде жалғыз қалдырмайды. Біз бұл мә­селені заң шеңберінде рет­теуіміз керек. Себебі сақ­тан­дыру компаниялары мін­детті сақтандыру заңдасты­рылған күннің өзінде шығын­ды өтей алмайды. Себебі қаржылық капиталы аз. Сақтандыру үдерісі ипотекалық бағдарла­малар арқылы жүрді. Қолда­ғы деректерге қарасақ, халық­тың тек 12-15 пайызы жыл­жы­майтын мүліктерін сақтан­дыруға шешім қабылдаған. Қазір баспасөзде «Түркия тә­жірибесін қолдану керек» де­ген пікірлер жиі айты­ла­ды. Түркияда үйін сақтандыр­маған азаматтардың айлық жала­қысы бұғатталады, шет­елге де шыға алмайды. Түр­киядағы сақтандыру саласы­ның әлемдік нарықпен интеграцияланып кетуіне осы фактор себеп болды. Бізде бұл үлгіні қолдануға халық әлі дайын емес», дейді.

Жалпы, отандық сақтан­дыру нарығында өзгерістер бар. Ұлттық экономика ми­нис­трлігінде жылжымайтын мүлікті өз еркімен сақтандыр­ған азаматтар үшін салық жеңілдіктерін енгізу мәселесі талқыланып жатыр.

Жыл басындағы деректер бойынша елдегі сақтандыру компанияларының активі 2,49 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20,7%-ға артық. Сақтандырушылардың міндеттемелері 23,2%-ға өсіп, 1,59 трлн теңгені құра­ды. Сақ­тандыру сыйлықақы­ларының мөлшері осы кезеңде 1 трлн теңгеге жетті. 2023 жылы сақ­тан­дыру төлемдерінің көлемі өткен жылмен салыс­тырғанда 43,7%-ға артып, 274 млрд теңге болды.

 

АЛМАТЫ