Мәжіліс сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, 2024 жылы 5 шілдеде Мемлекет басшысы тәуелсіз кассациялық соттарды құруды көздейтін Конституциялық заңға қол қойған еді. Ал бүгін қабылданған заң кассациялық сот ісін жүргізу тәртібін жетілдіруге бағытталған.
Сонымен қатар қылмыстық-процестік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және басқа да заңдарға түзетулер енгізілген.
«Заңда азаматтық және қылмыстық істерді кассациялық сатыда алдын ала қарауды алып тастау ұсынылған. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы арыз емес, кассациялық шағым түсіретін болады. Сот ісін жүргізудің барлық түріне кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізіледі. Енді әкімшілік істер бойынша сот актілері апелляциялық шағым жасалғаннан кейін заңды күшіне енеді», делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап тәуелсіз кассациялық соттардың құрылуына байланысты Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді. Ол сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағдарланады. Ал сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар жүзеге асырады.