• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қазан, 2024

Мүгедектігі бар адамдардың құқы қаралды

96 рет
көрсетілді

Астанада мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы БҰҰ конвенциясын іске асыру аясында халық­аралық семинар басталды. Оған халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады.

Үш күнде қатысушылар мүгедектігі бар адамдарды қорғау жүйелерін енгізудің сәтті мысалдарымен бөліседі. Инклюзия саласында түрлі елдің алдында тұрған сын-қатерлерді талқы­лайды. Әрі оларды шешу үшін ұсынымдар әзірлейді. Осылай­ша, БҰҰ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі ұйымдастырған семинар мүгедектігі бар адамдардың құқын қорғау мәселелерін талқылау, инклюзивті саясатты жақсарту жолында оң шешім табатын негізгі алаңға айналады.

Халықаралық мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы Василий Назаренко семинарға жоғары баға беріп, елімізде әзірленіп жатқан 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының мүгедектігі бар адамдардың бүкіл қауымдастығы үшін маңыздылығын атап өтті. Ал семинардың үшінші сессиясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Халықаралық мүгедектер ұйымдары одағының мүшелерімен кездесті.  Талқылаудың бас­ты тақырыбы Қазақстанның БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының орындалуы туралы бірінші баяндамасын қорғау қорытындылары болды. Светлана Жақыпова мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының халықаралық одағының өкілдеріне ұзақмерзімді ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, семинар шеңберінде жоспарланған кездесулерге табыс тіледі.

«2015 жылы еліміз Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Қолданыстағы заңнаманы түгендеу нәтижелері бойынша 2015 жылы 3 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетім­ділігін қамтамасыз етуге қатысты 24 заңға түзетулер енгізілді. Былтыр конвенцияға факультативтік хаттама ратификацияланды, Әлеуметтік кодекс қабылданды», деді министр С.Жақыпова.

Кездесу барысында Германияның Федералды еңбек және әлеуметтік істер департаментінің басшысы Торстен Эйнстманн Инклюзивті еңбек нарығы және мүгедектер теңдігі туралы заң жайында айтты. Ал Арменияның Бірыңғай әлеуметтік қызмет бөлімінің басшысы Римма Еганян Армениядағы мүгедектікті бағалаудың жаңа жүйесінің тиімділігі туралы хабардар етті. Енді 11 қазанда семинар қорытындысы бойынша халықаралық және мемлекеттік ұйымдар мүшелері бірнеше елдің үкіметтік органдарына ұсынымдарын ұсынады.