• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Қазан, 2024

Заң шығару саласында тәжірибе алмасудың маңызы

59 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Оңтүстік Корея Ұлттық Ассамблеясының спикері У Вон Шикпен кездесті. Кездесуде тараптар заң шығарушы органдар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев, алдымен, У Вон Шикті аталған елдің ұлттық мерекесі – Мем­лекеттің негізі қаланған күнмен құттықтады. Сондай-ақ ол Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сұхбат кезінде екі ел арасында, оның ішінде жоғары деңгейде тығыз байланыс орнағаны айтылды. Мемлекет басшыларының өзара сапарлары бірлескен іс-қимылға тың серпін беріп, Қазақстан – Корея қарым-қатынасын жаңа сапалы кезеңге шығарғанына да мән берілді.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Оңтүстік Кореяның Ұлт­тық Ассамблеясымен ынты­мақ­тастықты әрі қарай кеңейту және заң шығару бағытында тәжірибе алмасудың маңызына назар аударды.

«Біз «Қазақстан-Корея» парламентаралық достық тобы аясындағы ынтымақтастық­ты жоғары бағалаймыз. Дос­тық тобы құрылған сәттен бас­тап екі елдің байланысын жандандыруға үлкен үлес қосып келеді. Алдағы уақытта біз ақпараттық технологиялар, цифрландыру, климаттың өзгеруіне қатысты іс-қимыл, жасыл экономиканы ілгерілету, киберқылмыспен күрес және басқа да бағыттар бойынша заңна­малық тәжірибені зерделеуге мүдделіміз», деді Сенат спикері.

Кездесу барысында сұх­бат­­тасу­­шылар Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съезі аясында атқарылып келе жатқан рухани дипломатияны дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқталып өтті. Тараптар өңір­лік, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақ­тастық­қа қатысты мәселелерді де талқылады.

«Ел өңірлерінің мүдделерін қорғайтын палата ретінде біз Оң­түстік Кореяның аймақ­тары­мен байланыс орнатуға мүдделіміз. Сондай-ақ «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматында кездесулер өткізу баста­масын қолдаймыз. Келесі ап­тада Ашхабадта өтетін Орта­лық Азия және Корея Пар­ламенттері спикерлерінің екін­ші отырысының нәтижелі болуы­на тілектестігімді біл­діре­мін. Мұндай бастама өзара іс-қимылымызды одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», деген Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты алдағы уақытта да Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасын­дағы ынтымақтастықтың аясын одан әрі кеңейтуге ықпал етуді жалғастыра беретінін айтты.

Өз кезегінде У Вон Шик елі­мізде жүргізіліп жатқан рефор­­­маларды жоғары бағалап, екі мем­лекет арасындағы, оның ішін­де парламентаралық бағыт­тағы өзара іс-қимылды дамы­тудың маңызы туралы сөз қозғады.

Сұхбат кезінде Сенат төраға­сы елімізде Мемлекет басшы­сының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-саяси және экономикалық рефор­малар жөнінде айтып, палатаның заң шығару жұмы­сына тоқталды. Бұл ретте әңгіме агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары, цифрландыру және инновацияларды енгізу тәсілдері жөнінде өрбіді.