• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Медицина 10 Қазан, 2024

Оңалтудың озық әдісі

94 рет
көрсетілді

IX Халықаралық «Шипажай-2024» ғылыми-практикалық форумында санаторийлік-курорттық саланың сарапшылары бас қосты. Форум медициналық оңалту, санаторийлік-курорттық емдеу күндері аясында ұйымдастырылды.

Дәстүрлі түрде өтетін іс-шараға денсаулық сақтау, оңалту мамандары жиналды. Елдегі медицина мамандарынан бөлек Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Еуропаның бірнеше елінен делегаттар келді. Олардың ішінде ғылыми-зерттеу институттарының, оңалту орталықтарының, санаторийлік-курорттық ұйымдардың өкілдерімен қатар, жетекші фармацевтикалық компаниялар, медициналық жабдықтарды өндіруші тараптар бар. Осы жолы «Шипажай-2024» форумы Жамбыл облысындағы «Меркі» санаторийінде өтті. Іс-шараға келген қонақтарға пациенттердің өмір сүру сапасын ұзартуға, жақсартуға ықпал ететін өңірдің бірегей табиғи ресурстарымен етене танысуға мүмкіндік туды. Форумның ашылу салтанатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сөз сөйлеп, оңалту іс-шараларын жетілдіруге үлес қосып жүрген медицина мамандарына табыс тіледі.

«Елімізде санаторийлік-курорттық емдеу жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр деп сеніммен айтуға болады. Біз Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтын құрдық. Бүгін форумға сол институттың мамандарымен қатар сала ғалымдары, сарапшылар жиылып отыр. Басқосуда айтылған ұсыныстар, ой-пікірлер осы бағыттағы жұмыстарды ширата түседі», деді А.Әлназарова.

Форумда еліміздің денсаулық сақ­тау стратегиясына, оның ішінде са­наторийлік-курорттық саланың рөліне басымдық берілді. Пленарлық сессия, екі секциялық отырыста санаторий­лік-курорттық емдеуді дамытудың өзек­ті мәселелері, халықаралық оңалту практикасы, табиғи емдік факторлар­ды қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Сауықтырудың тиімді әдістеріне, пациенттерді емдеуде табиғи ресурс­тарды пайдалануға, сондай-ақ оңал­ту орталықтарында медициналық көмек­ті ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.

«Шипажай» форумы туралы аз-кем ақпарат бере кетсек, форум алғаш 2016 жылы ұйымдастырылды. Оған еліміздің, шетелдердің санаторийлік-курорттық мекемелері қатысты. Содан бері табысты бастама үзілмей, жыл сайын өтіп келеді. Осы аралықта форум саланы жетілдіруге үлес қосып жүрген тараптарға қолайлы бірыңғай ақпараттық алаңға айналып үлгерді. Мұны Курортология және медицина­лық оңалту ҒЗИ директоры Саягүл Қайыргелдинаның форумда сөйлеген сөзінен аңғардық. Ол ортақ мақсатта курортология институттарымен, басқа да халықаралық құрылымдармен тығыз байланыс орнағанын айтты. 

Басқосуда форум қатысушылары ұсыныс-талқыларды ескере отырып, санаторийлік-курорттық саланы дамытудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеу қажеттігі туралы қарар қабылдады. Қарарда инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау, саланы реттейтін заңнамалық, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, табиғи дәрілік ресурстарды пайдалана отырып, алдын алу, емдеу стандарттарын әзірлеу мәселелері жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ қызмет көрсетуді автоматтандыратын ақпараттық жүйені енгізуге, білікті кадрларды даярлау мақсатында ғылыми, білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беріледі.