Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Мажарстанның астанасы – Будапештке сапары барысында Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визермен кездесіп, 2027 жылғы ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты елімізде өтетіні туралы ортақ мәмілеге келіп, келісімге қол қойды.
Жоғарыдағы жаңалықты барша қазақ жанкүйерлері жылы қабылдады. Себебі, бұл жарыс Олимпия ойындары қарсаңында өтеді. Яғни төртжылдықтың басты додасына қатысатын дзюдо күресінің хас шеберлерінің басым бөлігі дәл осы байрақты бәсеке барысында анықталады. Бұл жағдай біздің командаға 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын жарысқа толық құрамда аттануға тамаша мүмкіндік туындатып отыр.
2015 жылдың тамыз айының соңғы күндері әлем чемпионатының Астанада дүркіреп өткені әлі есімізде. Сол кезге дейін еліміздің дзюдошылары дүниежүзілік додада небәрі бес жүлде ғана алған еді. Тарқатып айтсақ, 2001 жылы Мюнхендегі майданда қос Асхат – Житкеев пен Шахаров қола медальды мойындарына ілді. 2009 жылы Роттердамда Максим Раков алтын алса, 2011 жылы Парижде күміспен күптелді. 2013 жылы Рио-де-Жанейрода Азамат Мұқанов финалға дейін алқынбай жетіп, финалда Жапонияның даңқты балуаны Масаши Эюунимаға есе жіберді.
Астанадағы жарыста аса жеңіл салмақта күрескен қазақтың екі бірдей алтын асықтай азаматы – Елдос Сметов пен Рустам Ыбыраев бас жүлдені өзара сарапқа салды. Бұл тартыс Елдостың пайдасына шешіліп, ол әлем чемпионы атанса, Рустам күміс медальді қанағат тұтты. Бұрын-соңды жаһандық жарыстың финалында қандастарымыз бір-бірімен белдескен емес. Сол кезде жеңіс тұғырында қос қазақтың қатар тұрғанын көргенде, қуанбаған, шаттанбаған, марқаймаған, кеудесін мақтаныш сезімі кернемеген жанкүйер жоқ шығар, сірә!
Елімізде өткен әлем чемпионаты ел дзюдосының дамуына тың серпін берді. Татамидегі табысымыз еселеніп, көптеген дүбірлі додада олжаға кенелдік. Содан бергі тоғыз жыл аралығында Отгонцэцэг Галбадрах (2017, 2018 жылдары қола), Ерлан Серікжанов (2018 жылы күміс), Елдос Сметов (2019, 2022 жылдары қола), Ғұсман Қырғызбаев (2021 жылы күміс), Әбиба Әбужақынова (2022, 2024 жылдары қола) әлем чемпионатында жүлделі орындарды иеленді. Оған Олимпия ойындардағы табыстарымызды қосыңыз. Сәл ертеректе, 2008 жылы Бейжіңдегі бәсекеде Асхат Житкеев күміске қол жеткізсе, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода Елдос күміс, Отгонцэцэг қола медальға ие болды. 2021 жылы Токиода Сметов қола медальды қоржынға салды. Ал биыл Парижде Елдос тарихта қалатындай тағы бір үлкен іс тындырды. Тараздың тарланы елдің дзюдошылары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде өз есімін спорттық шежіреге алтын әріптермен жазды. Ғұсман қола жүлдені олжалады. Нәтижесінде жерлестеріміз жалпы командалық есепте жетінші орынға табан тіреді.
Міне, енді 2027 жылы төрткүл дүниенің дзюдошылары қайта қазақ топырағында бас қосқалы жатыр. Аталған жарыс қай қалада өтетіні әлі нақтыланған жоқ. Астана ма, әлде Алматы ма? Бірақ ол маңызды емес. Ең бастысы, дзюдо десе делебесі қозып, қаны қызатын мыңдаған қазақ жанкүйеріне осы керемет спорттық шараны көруге тамаша мүмкіндік туындап отыр.
Бұл күндері Алмас Алсенов есімді қазақтың іскер жігіті Халықаралық дзюдо федерациясында лауазымды қызмет атқарады. Ол «IJF» президентінің кеңесшісі. Яғни Мариус Визердің оң қолы деп айтсақ та болады. Алмастың өзі де кезінде жақсы күрескен. Бірқатар халықаралық жарыста жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті. Кейіннен Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті, Азия дзюдо одағының маркетинг жөніндегі директоры, Еуропа дзюдо одағы президентінің кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде ол «IJF»-та еңбек етеді. Әлсеновтің осындай белді ұйымда басшылық қызмет атқарғанының пайдасы Париж Олимпиадасы барысында анық байқалды. Жаны әр кез әділдікті қалайтын қандасымыз төртжылдықтың басты додасында отандық дзюдошыларымыздың бірде-біреуіне қиянат жасалуына жол бермеді. Міне, енді Алмас Жеңісұлы әлем чемпионатының қайта қазақ топырағына оралуына сүбелі үлес қосып отыр.
Жоғарыда айтылған жағымды жаңалықты естіген бетте бұл күндері Швейцарияда тұрып жатқан «IJF» президентінің кеңесшісімен хабарластық. «Әлем чемпионатының елімізде ұйымдастырылуы өте маңызды оқиға. Оның үстіне, бұл жарыстың жалауы Олимпия ойындары қарсаңында желбірейді. Сонымен қатар елімізде Халықаралық дзюдо академиясының (IJF Acadey) филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойдық. Ол жерде балуандардың еш алаңсыз даярлануға барлық жағдай жасалуымен қатар, ғылым мен медицинаны да қатар алып жүру көзделіп отыр. Оған да айрықша мән беріледі. Семинарлар мен тренингтер өтіп, төрешілер мен бапкерлердің біліктілігін арттыруға арналған арнайы курстар ұйымдастырылады. Басқа да толып жатқан шаруалар бар. Соның барлығы да Академияда жүзеге асырылады. Осы іс-шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт саласында жүйелі өзгерістер енгізу жөніндегі тапсырмасымен толықтай үйлеседі. Бұл жоба – спорттық инфрақұрылымдарды модернизациялау, жоғары дәрежелі мамандарды даярлау туралы бағдарламаны орындаудың бірден-бір жолы. Сөз орайы келгенде, осы жобамызды қолдаған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мырзаға зор алғысымды білдіргім келеді», – дейді Алмас Әлсенов.