• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Музей 11 Қазан, 2024

«Анаға құрмет» – айрықша музей

116 рет
көрсетілді

Осы уақытқа дейін ана мен баланың, отбасылық құндылықтардың маңызын насихаттап, ұлттық дәстүрді жаңғыртуға үлес қосып жүрген «Анаға құрмет» музейі биыл алғашқы 10 жылдық мерейлі белесін атап өтті.

Анаға арналған алғашқы музейдің онжылдық мерейтойын лайықты атап өтуге ұжым жан-жақты әзірленіп, арнайы бағдарлама, мазмұнды жоспар түзді. Мерекелік көрме, шығармашылық кездесу, шеберлік сабақтары және ардақты аналармен кездесу, сырласу сияқты қызықты жиындар ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның бәрі де ананың отбасындағы рөлін ерекше атап көрсетуге, қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған. Отбасында аяулы жар, қоғамда айтары бар, түрлі салада еңбек етіп жүрген яки зейнет жасындағы аналардың перзент тәрбиесі, ша­ңырақ шаттығы туралы пайымы мен шығармашылық туындылары қонақтардың көңілінен шығып, естеліктер мен есті әңгімелерді бөлісетін алаңға айналды.

Музей басшыларының айтуынша, «Анаға құрмет» музейі – тек аналарға арналған әлемде теңдесі жоқ жалғыз музей. Алатаудың баурайында, таза ауа мен таңғажайып табиғат үйлесім тапқан, тіл жет­пейтін сұлулық патшалығында қоныс тепкен бірегей сәулет кешені. Мұнда ақ жау­лығы жа­ра­сқан абыз аналардың алуа­н түрлі портреттері мен түркі жұр­тының әйелдеріне арналған тақырыптық көрмені, тарихи артефакт пен көркем инсталляцияларды тамашалауға болады. Жиынға Қазақстанның халық әртісі, Еңбек ері Асанәлі Әшімов, Халық қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев пен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан қатысып, аяулы аналар мен арулардың мәртебесін көтеріп, еңбек етіп жүрген «Анаға құрмет» музейінің ұжымына алғыс айтты.

Музей қорында 500-ге жуық құнды жәдігер сақталған. Соны­мен қатар жақында музей ішінен «Алып анадан туады» тақы­рыбында арнайы бұрыш ашылды. Онда елге танымал батырлар мен еңбек сіңірген қайраткерлер, тұлғалар ана­сының портреттері қойылады. Онжылдық мереке аясында Асан­әлі Әшімовтің де анасының көр­кем бейнесі көрменің көз тартар бұйымдарының қата­рын толық­тырып, көрнекі тұсқа ілінді. Дәл осы күні музейге экономика ғылымдарының докторы, белгілі мемлекет және қо­ғам қайраткері Бердібек Са­пар­­баевтың, Олимпиада чем­пио­ны Жақсылық Үшкемпі­­­р­ов­­тің, тәуелсіз Қазақстан Конс­ти­туция­сының алғашқы автор­лары­ның бірі Нағашыбай Шай­кеновтің, тағы басқа да аза­мат­тардың анасының портреті тап­сырылды.

Іс-шарада жаңа экспонаттар таныстырылды. Аналардың шы­ғармашылығын, олардың мән-мазмұнын тарқататын жаңа кол­лек­циялар топтастырылды. С­онымен қатар, музейде аналар туралы мультимедиялық жобалар мен интерактивті экспозициялар қосылатыны мәлім болды. Экспонаттар арқылы әрбір келуші ананың сүйіспеншілігі мен мейірімінің шексіздігін се­зініп, тарих тереңіне бойлай алатыны айтылды. Елдегі жетекші университеттердің профессорлары мен шетелдік қонақтар, сон­дай-ақ осы мерекелік іс-шараға арнайы Оңтүстік Кореядан келген Сеулдегі «International Mind Education» институтының профессоры Джо Гю Юн бастаған 50-ге жуық университет өкілі мен студенттер «Анаға құрмет» музейінің тынысымен танысып, тәнті болды. Музей ұжымы келген меймандармен алдағы уақытта атқаратын қоғамдық жұмыс жоспарымен бөлісті. «Жаңа әлеуметтік жобалар мен бастамаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Ана мен бала мәселесіне арналған семинарлар, тренингтер мен ақпараттық сессиялар өткізіліп, жастарға ана болудың қадір-қасиеті, отбасы құндылықтары туралы білім бергіміз келеді. Бұл іс-шаралар жастардың санасында ана бейнесін биіктетіп, мәңгі ұмытылмастай сақталуына бағытталған. Тіпті қылмыстық жазаға тартылған аза­маттардың бойында ізгілік сезі­мін ояту үшін түзету колония­ларында көшпелі көрме ұйымдастырамыз. Аналарға, қыз-келін­шектерге ар­налған жарыстар мен түрлі ойындар өткізуді жоспарлап отырмыз»,  дейді «Анаға құрмет» музейінің директоры Гүлнар Әбіш.

Әлемнің ажырамас бөлігі, тіршіліктің бастау-бұлағы ана­­ның мерей-мәртебесін көтеру мақсатында арнайы салынған «Анаға құрмет» музейінің бастамалары – ана мен бала, ұлттық дәстүр мен отбасылық құн­дылықтарды дәріптеудің жаңа кезеңіндегі айшықты мысал. Мерей­тойда түзілген ананың қоғам­дағы рөлі мен отбасы инс­титутын сақтауға және нығайтуға арналған ілкімді іс-шаралар тіз­бегі алдағы уақытта да толастамай, күн сайын атқарыла бермек. Ана – мейірім шуағы, өмірдің шырағы, ал музей – сол шырақты сөндірмей, ұрпақты адас­тырмай, келешекке жалғайтын қастерлі аманат мекені.

 

АЛМАТЫ