Осы уақытқа дейін ана мен баланың, отбасылық құндылықтардың маңызын насихаттап, ұлттық дәстүрді жаңғыртуға үлес қосып жүрген «Анаға құрмет» музейі биыл алғашқы 10 жылдық мерейлі белесін атап өтті.
Анаға арналған алғашқы музейдің онжылдық мерейтойын лайықты атап өтуге ұжым жан-жақты әзірленіп, арнайы бағдарлама, мазмұнды жоспар түзді. Мерекелік көрме, шығармашылық кездесу, шеберлік сабақтары және ардақты аналармен кездесу, сырласу сияқты қызықты жиындар ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның бәрі де ананың отбасындағы рөлін ерекше атап көрсетуге, қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған. Отбасында аяулы жар, қоғамда айтары бар, түрлі салада еңбек етіп жүрген яки зейнет жасындағы аналардың перзент тәрбиесі, шаңырақ шаттығы туралы пайымы мен шығармашылық туындылары қонақтардың көңілінен шығып, естеліктер мен есті әңгімелерді бөлісетін алаңға айналды.
Музей басшыларының айтуынша, «Анаға құрмет» музейі – тек аналарға арналған әлемде теңдесі жоқ жалғыз музей. Алатаудың баурайында, таза ауа мен таңғажайып табиғат үйлесім тапқан, тіл жетпейтін сұлулық патшалығында қоныс тепкен бірегей сәулет кешені. Мұнда ақ жаулығы жарасқан абыз аналардың алуан түрлі портреттері мен түркі жұртының әйелдеріне арналған тақырыптық көрмені, тарихи артефакт пен көркем инсталляцияларды тамашалауға болады. Жиынға Қазақстанның халық әртісі, Еңбек ері Асанәлі Әшімов, Халық қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев пен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан қатысып, аяулы аналар мен арулардың мәртебесін көтеріп, еңбек етіп жүрген «Анаға құрмет» музейінің ұжымына алғыс айтты.
Музей қорында 500-ге жуық құнды жәдігер сақталған. Сонымен қатар жақында музей ішінен «Алып анадан туады» тақырыбында арнайы бұрыш ашылды. Онда елге танымал батырлар мен еңбек сіңірген қайраткерлер, тұлғалар анасының портреттері қойылады. Онжылдық мереке аясында Асанәлі Әшімовтің де анасының көркем бейнесі көрменің көз тартар бұйымдарының қатарын толықтырып, көрнекі тұсқа ілінді. Дәл осы күні музейге экономика ғылымдарының докторы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің, тәуелсіз Қазақстан Конституциясының алғашқы авторларының бірі Нағашыбай Шайкеновтің, тағы басқа да азаматтардың анасының портреті тапсырылды.
Іс-шарада жаңа экспонаттар таныстырылды. Аналардың шығармашылығын, олардың мән-мазмұнын тарқататын жаңа коллекциялар топтастырылды. Сонымен қатар, музейде аналар туралы мультимедиялық жобалар мен интерактивті экспозициялар қосылатыны мәлім болды. Экспонаттар арқылы әрбір келуші ананың сүйіспеншілігі мен мейірімінің шексіздігін сезініп, тарих тереңіне бойлай алатыны айтылды. Елдегі жетекші университеттердің профессорлары мен шетелдік қонақтар, сондай-ақ осы мерекелік іс-шараға арнайы Оңтүстік Кореядан келген Сеулдегі «International Mind Education» институтының профессоры Джо Гю Юн бастаған 50-ге жуық университет өкілі мен студенттер «Анаға құрмет» музейінің тынысымен танысып, тәнті болды. Музей ұжымы келген меймандармен алдағы уақытта атқаратын қоғамдық жұмыс жоспарымен бөлісті. «Жаңа әлеуметтік жобалар мен бастамаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Ана мен бала мәселесіне арналған семинарлар, тренингтер мен ақпараттық сессиялар өткізіліп, жастарға ана болудың қадір-қасиеті, отбасы құндылықтары туралы білім бергіміз келеді. Бұл іс-шаралар жастардың санасында ана бейнесін биіктетіп, мәңгі ұмытылмастай сақталуына бағытталған. Тіпті қылмыстық жазаға тартылған азаматтардың бойында ізгілік сезімін ояту үшін түзету колонияларында көшпелі көрме ұйымдастырамыз. Аналарға, қыз-келіншектерге арналған жарыстар мен түрлі ойындар өткізуді жоспарлап отырмыз», дейді «Анаға құрмет» музейінің директоры Гүлнар Әбіш.
Әлемнің ажырамас бөлігі, тіршіліктің бастау-бұлағы ананың мерей-мәртебесін көтеру мақсатында арнайы салынған «Анаға құрмет» музейінің бастамалары – ана мен бала, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеудің жаңа кезеңіндегі айшықты мысал. Мерейтойда түзілген ананың қоғамдағы рөлі мен отбасы институтын сақтауға және нығайтуға арналған ілкімді іс-шаралар тізбегі алдағы уақытта да толастамай, күн сайын атқарыла бермек. Ана – мейірім шуағы, өмірдің шырағы, ал музей – сол шырақты сөндірмей, ұрпақты адастырмай, келешекке жалғайтын қастерлі аманат мекені.
АЛМАТЫ