• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қазан, 2024

Бас жүлде – «Болмаған балалық шақта»

100 рет
көрсетілді

Еліміздің маңдайалды театр­лар ұжымы Өскеменде бас қос­­ты. Балалар әдебиетінің клас­сигі, көрнекті жазушы Бер­дібек Соқпақбаевтың 100 жыл­дығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республи­калық фестивалі өтті.

Фестивальге сарапшылар кеңе­сінің шешімімен ірік­теуден өткен 10 театр қатысып, бақ сы­насты. Бірнеше күн қатарынан бол­ған қойылымдарды еліміздің танымал театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Алғашқы күні театр фойесінде конференция ұйым­дастырылып, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қ­азақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi Нұрлан Санжарұлы секілді белгілі тұлғалар БАҚ өкілдері тара­пынан қойылған сұрақтарға жауа­п берді. Сауалдың көбі Қожаның рөлін сом­даған Нұрлан Санжарұлына қойылды. Конференциядан соң да жиналғандардың көбі «Қожаны» қау­малап алған. Бұл жерде ол Өскеменде оқы­ғанын айтып, азды-көпті естелігімен бөлісті.

Фестиваль шымылдығын Ж.Аймауы­тов атындағы Павлодар облыстық Қазақ музыкалық драма театры Б.Соқпақ­баев­тың «Менің атым – Қожа» қойылы­мымен ашып, Астананың Жастар театр­ы «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» көрінісімен жапты. Иә, екеуі де мерейтой иесі Бер­дібек Соқпақбаевтың шы­ғармасы негізінде сахналанған. Сөйтіп, жабылу салтанатында еліміздің төрт бұрышынан жиналған театр әртістері марапатталып, қошемет көрсетілді.

– Осындай үлкен өнер додасы Өс­ке­менде, Шығыстың төрінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Жалпы, қан­дай да шараны жоғары деңгейде ұйымдас­тыруға әрқашан дайынбыз, – деді ШҚО мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Кәсенов.

Сонымен, марапаттау барысында «Екінші пландағы үздік әйел» рөлі «Мұ­ғалім» қойылымындағы Нариманның әжесін сомдаған Б. Римова атындағы Тал­дықорған драма театрының әртісі Әли­хан Ыдырышеваға берілді. Әр марапаттаудан кейін жергілікті әншілер әннен шашу шашып, бишілер мың бұрала өнер көрсетумен болды.

 «Екінші пландағы үздік ер адам» аталымы бойынша республикалық Неміс драма театры қойған «Wolgakinder» спектаклінде Васька рөлін ойнаған Заңғар Ахметқазыға ұсынылды.

«Үздік режиссерлік шешім» аталымы бойынша Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе об­лыстық драма театры марапатталып, 1 млн 500 теңгенің сертификаты табыс­талды. Айта кетейік, әр аталым иегері ақшалай сыйлыққа ие болды.

Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлыққа қазылар шешімімен «Менің атым – Қожа» қойылымы лайық деп табылды. Айтып өткендей, фес­тиваль­дің алғашқы күнінде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музы­калық драма театры «Қожаны» сахнаға алып шығып, көрерменді бірде күлдіріп, бірде мұңайтқан.

– Осы бес күн өнер мерекесі болды. Біз жыл сайын республикалық фестивальді еліміздің әр қаласында өткіземіз. Ал балаларға арналған фестиваль екінші рет қана болып отыр. Биыл Бердібек Соқ­пақбаевтың 100 жылдығына арнадық. Театр өнері өрлей берсін, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің Театр өнері басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева.

Сондай-ақ жабылу салтанатында Шы­ғыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығы, яғни 2 млн 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Оған Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры қойған «Қар қызын» лайықты көріпті.

Көзіқарақты көрермен Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалінде жүзден жүйрік шыққан қай театр екен деп тағатсыздана күтті. Гран-при жүлдесі хабар­ланғанға дейін жергілікті өнерпаз­дармен бірге жас жұлдыз Қобыланды Болат өнер көрсетті.

Сонымен, ән-шашулардан соң сахнаға шыққан актер, кеш жүргізушісі Нартай Сауданбекұлы жеңімпазды хабарлауға ортаға қазылар алқасының төрағасы, театр сыншысы, профессор Сания Қабдиеваны шақырған. Ол фестиваль туралы өз ойын қысқаша қайырып, жеңімпаз театр­ды, яғни Ә.Мәмбетов атындағы мем­леке­тік драма және комедия театры өкілін ортаға шақырып, сертификат табыс­тады, құрмет көрсетті. Осылайша, драматург Ақ­берен Елгезектің шығармасы негі­зіндегі «Болмаған балалық шақ» қойылымы «Үздік спектакль» аталымын жеңіп алды. Жетім баланың тағдырынан сыр шертетін автобиографиялық туынды автор­дың көмескі тартқан балалық шағын суреттейді. Автордың қиялындағы ғұмыры, көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері көрсетіледі. Әке­сінен жастайынан айырылған ол қор­­шаған ортадан пана іздеген. Сөйте жүріп, бүгінгі заманның тұлғасына айнала білді. Осындай тағдырлы қойылымды көрер­мен жүрегіне жеткізген театр ұжы­мының еңбегі еленді, ескерілді. Ду қол шапалақпен, өнерге деген ыстық махаббатпен фестиваль шымылдығы жабылды. Көрер­мен қауым бес күн қатарынан өнер көрсеткен әртістермен қимай-қимай қош айтысты.

 

Өскемен