Референдум аяқталғаннан кейін жастар үгіт-насихат материалдарын жинау акциясын бастады. «Amanat» партиясының жас белсенділері бұл қадамды саяси жауапкершілікті арттырудың, қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың бір бөлігі дейді.
«Жастар рухы» жастар қанаты таңертеңнен бастап Қонаев қаласының орталық көшелеріндегі үгіт-насихат парақшалары мен жарнамалық материалдарды жинап шықты. Осылайша, аймақтағы белсенділер бірлесе қоғамдық орындарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, науқанның алғашқы күнінде-ақ Алматы облысының бірнеше ауданындағы көшелер тазаланып, үгіт-насихат материалдары толығымен алынды. Оң бастама әлеуметтік желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады.
– Бұл акция партияның науқаннан кейін де қоғамға қызмет ететінін аңғартады. Референдум сияқты үлкен саяси оқиғадан кейін тазалықты сақтау – халық алдындағы жауапкершіліктің бір көрінісі. Науқан кезінде көшелер мен қоғамдық орындарға ілінген үгіт-насихат материалдары халыққа маңызды ақпарат жеткізді. Бірақ науқан біткен соң оларды алып тастап, тазалықты қамтамасыз ету – әр азаматтың міндеті. Бұл тек тазалық емес, біздің мәдениетіміздің деңгейін көрсетеді, – деді «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының өкілі Әсем Елиманова.
Бастысы, тазалық акциясы Алматы облысымен шектелмей, еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасып жатыр.
– Біз тек үгіт-насихат кезеңінде ғана белсенді болғымыз келмейді. Науқан аяқталған соң, артына қоқыс қалдырып кету – жат қылық. Сондықтан осы акция аясында елдің жауапкершілікті сезінуіне үлгі болғымыз келеді. Бұл – біздің елге, қоғамға және өз таңдауымызға деген құрметіміз. Қарапайым қадам болса да, оның маңызы зор, – деді «Жастар рухы» ЖҚ-ның белсендісі Медет Бекбергенов.