Сәкен – дәуір, Сәкен – ғұмыр. Бір өзі бүкіл ұлт тағдырына тікелей әсер еткен атпал тұлғаның арда еңбегі ел жадында. Жалтағы жоқ шыншылдығымен, ақындық тәкаппарлығымен айдарланған қаламгердің шоқтығы уақыт пырағымен бірге биіктеп келеді.
Астана қаласының мемлекеттік архиві ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, мемлекеттік қайраткері, Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Қазақ әдебиетінің ақсұнқары» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шарада алғашқы болып сөз алған С.Сейфуллин музейінің директоры, белгілі ғалым Марат Әбсеметов жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін ерекше күн, Сәкен бабамыздың он құжатын мемлекеттік архивке тапсырғалы отырмыз. Сан қырлы тұлға жөнінде жүздеген құжат бар, бүгін солардың алғашқы легін әкелдік. Ақмола өңірі Сәкеннің көп өмірі өткен жер, осында ол жас күнінде қазақ-орыс тілінде білім алды, асаудай алқынған жылдарын өткізді. Бүгін Сәкеннің сирек құжаттарымен бірге біздің музей шығарған он томдығын ұсынып отырмыз. Оныншы том түрік тілінде, Түркияның Егей университеті ақынның «Асау тұлпарын» зерттеп, оны қызметкеріміз Алуа Тоқтарбаева монография қылып жазып шықты. Міне, осы құнды жәдігерлерді сіздерге құрметпен ұсынамыз,–деді ол.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің тарих кафедрасының меңгерушісі Айнұр Алиакбарова мерейтой қарсаңында жаңа кітап әзірлеп отырғандарын жеткізді.
– Биыл Сәкен атамыздың 130 жылдығына біздің университетте жыл бойы көптеген іс-шара болып өтті. Жастарға ақынның есімін таныту мақсатында университеттер арасында интеллектуалдық ойындар өткізіп, жас жеткіншектердің тұлғатанудағы аяқ алысына қуандық. Осы арқылы ұрпақты ұлтқа қызмет етуге, зиялылыққа тәрбиелеуге үндеп отырмыз. Биыл мерейтой қарсаңында үш тілде «Сәкен жолы» атты кітапты әзірледік. Кітапқа архивтің һәм мұражайдың көп еңбектерін қолдандық, алдағы уақытта көпшілікке кеңінен таныстырамыз, – деді Айнұр Пернебекқызы.
Аталған іс-шара барысында Сәкен Сейфуллин хақында деректі фильм көрсетіліп, ақынның шығармашылық, қайраткерлік қырлары көрініс тапты. Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин тарихи тұлға туралы деректерді жүйелеу және қолжетімділігін арттыру мақсатында Сәкен Сейфуллинге қатысты құжаттарды қабылдауға дайын екенін жеткізді.