• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қазан, 2024

Қазақстанда Telegram-ның кеңсесі ашылады

146 рет
көрсетілді

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев АҚШ Сауда палатасымен, сондай-ақ Meta және Apple сияқты ірі америкалық компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесулерде мәліметтер қауіпсіздігі, жалған аккаунттармен күрес және пайдаланушыларды қорғауға қатысты маңызды мәселелер талқыланған.

«Біз сондай-ақ Telegram платформасымен заңсыз контентті жедел жою және деструктивті арналарды бұғаттау бойынша белсенді түрде ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Біздің заңнамаға сәйкес, енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындауға міндетті. Telegram-мен олардың өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге қол жеткізілді, бұл - контентті бақылауды арттыруға бағытталған маңызды қадам», деді Жаслан Мәдиев.

Сонымен қатар министрлік Meta компаниясымен алаяқтық схемаларға қарсы күрес жұмыстарын бастауды жоспарлаған. Meta өкілдері Қазақстанда жиілеген кибер-алаяқтық көптеген ел үшін ортақ проблема екенін атап өтті. Соңғы тоқсанда Meta жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, әлем бойынша 1,2 миллиард жалған аккаунтты бұғаттаған.