Астана қаласында оқушылар арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, биыл аталған турнирге қалалық және облыстық кезеңдерден жеңімпаз болып танылған 180 оқушы қатысты.
Әр өңірден қазақ, ағылшын, орыс лигалары бойынша 9 оқушы жолдама алды. Турнир пікірсайыстың Дүниежүзілік мектеп форматы (WSDC) бойынша өтті. Қатысушылар іріктеу және қорытынды ойындарда бақ сынады.
Көшбасшылық қабілет пен сыни ойлауды қалыптастыру тұрғысында пікірсайыстың алатын орны ерекше екенін атап өткен министр Ғани Бейсембаев өңірлік кезеңге 81 мыңнан астам оқушы қатысқанын, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30 мыңға артық екенін тілге тиек етті.
«Пікірсайыс – тек жарыс алаңы ғана емес, бұл өз ойын еркін білдірудің, пікір алмасудың тамаша құралы. Сіздер өз білімдеріңізді дәлелдеп қана қоймай, сондай-ақ командада жұмыс істеу, өзгелердің пікіріне құлақ қою, мәмілеге келу секілді өмірлік маңызды дағдыларды меңгердіңіздер. Сіздерді құттықтай отырып, осы алаңда алған тәжірибелеріңіз алдағы уақытта биік мақсатқа ұмтылуларыңыздың алғышарты болсын деп тілеймін», деді министр.
Екі күнге созылған байқау нәтижесінде ІІІ орынға Ақтөбе, Қарағанды облыстары табан тіресе, ІІ орынды Алматы облысы, Шымкент, Алматы қалалары өзара бөлісті. Ал І орынға Астана, Алматы қалалары және Қарағанды облысы лайық деп танылды.
«Үздік спикер» номинациясы: Әлихан Айтбаев – Астана, Аяжан Олжагелді – Қарағанды облысы, Дана Айтқалиева – Абай облысы.
«Үздік оратор» номинациясы: Жібек Мелс – Алматы қаласы, Софья Малышева – Павлодар облысы, Камшат Еркінбек – Жетісу облысы.
Айта кетсек, қазіргі уақытта елімізде 7684 пікірсайыс клубы жұмыс істейді, оның 6963-і - мектеп клубтары.