• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 15 Қазан, 2024

Гендерлік теңдік – маңызды мәселе

80 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Комиссия мүшелері Орнықты даму мақсаттарын іске асыру аясында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге (ОДМ-ның 5-мақсаты) арналған мәселені талқылады.

Бұл бағытта әйелдердің эконо­микалық және саяси белсенділігін арттыру, гендерлік теңгерімсіздік мәселелері, еңбекақы алшақтығы сияқты бірқатар маңызды мәселе қамтылған.

Палата төрағасы атап өткен­дей, Қазақстан үшін гендерлік теңдік мәселесінің маңызы зор. Өйткені ел халқының 50 пайыздан астамын әйелдер қауымы құрайды. Ал бұл – азаматтардың 10 миллионнан астамы деген сөз. Әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың әлеуетін іске асыруға жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның алдында тұрған басты міндеттер. Сондықтан аталған бағытқа Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән беріп отыр.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жылы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырым­дамасы өзектендірілді. Был­тыр Президентіміздің тапсыр­масымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауап­кершілік күшейтілді. Бұл – Пар­ламент депутаттары, Үкімет пен азаматтық сектордың ауқым­ды әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі. Қазақстан гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөнін­дегі міндеттемелерді қоса алған­да, адам құқықтары сала­сындағы халықаралық шарттар мен келісімдерді белсенді қолдайды және орындайды. Бүгінде Дүниежүзілік эко­номикалық форумның Жаһан­дық гендерлік алшақтық ин­дексіне сәйкес Қазақстан 146 ел­дің ішінде 76-орында тұрғанын атап өткен жөн», деп Сенат төрағасы экономикалық дамуды айтарлықтай ынталандыруға және елдегі өсуді арттыруға қабілетті әйелдерді іскерлік белсенділікке кеңінен тартудың маңызды екеніне назар аударды.

М.Әшімбаевтың айтуынша, еңбек нарығының 48 па­йыз­ға жуығын әйелдер құраса да, олардың арасындағы жұмыс­сыз­дық үлесі жоғары, ал жалақы көлемі ерлерге қарағанда орта есеппен 26 пайызға аз болып қалып отыр. Ауылдағы әйел­дердің экономикалық белсенділігі де әлі төмен деңгейде. Сондай-ақ жынысына қарай кәсіби бөліну деректері де жоқ емес. Әйелдер негізінен аз төленетін және инновациялық секторларда көп шоғырланған.

«Әйелдердің елдің қоғамдық және саяси өміріне қатысу мәселесіне ерекше назар аудару керек. Жаһандық гендерлік алшақтық индексі бойынша Қазақстанның бұл бағыттағы көрсеткіші көңіл көншітпейді. Қазіргі таңда елімізде аталған көрсеткішті жақсартатын айтар­лықтай әлеует бар. Деген­мен жоғарыда аталған теңгерім­сіздік әйелдердің әлеуетін іске асыруды және гендерлік салада теңгерімді саясат жүргізуді шектейді. Осыған байланыс­ты бүгінде бұл бағыттар депутат­тардың, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ерекше назарын және олардың үйлесімді жұмысын талап етеді», деді палата спикері.

Сондай-ақ Парламенттік комиссия төрағасы мүдделі тарап­тардың аталған саладағы қазіргі жағдайды жақсартуға қатысты бірлескен жұмысына арналған негізгі міндеттерге тоқталды.

«Әйелдердің экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі олар­дың қоғамдағы рөлі туралы дәстүрлі түсініктер мен қасаң қағидалар екені белгілі. Біз бұл мәселені байыпты түрде талдап, осындай ұғымды өзгер­ту үшін барлық деңгейде тиісті жұмыс жүргізген жөн. Әйел­дердің қоғамдық және саяси инс­ти­туттардың жұмысына бел­сен­ді араласуын қамтамасыз ету де маңызды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ІЖӨ-ні екі есеге ұлғайту жөнінде нақты міндет жүктеді. Бұл тұрғыда әйелдердің экономикалық және кәсіпкерлік қызметтегі белсенділігін арттыру императивке айналаты­ны сөзсіз. Осы мақсатқа қол жет­кізу үшін жұмыспен қам­ту­ды ынталандыруға және кәсіпкерлікті дамытуға арналған қолданыстағы бағдарламалар­дың тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізудің, қажет болған жағдайда оларды іске асыру тәсілдерін қайта қараудың маңызы зор. Сенімді және өзек­ті статистикалық деректерге сүйенбей тиімді шешімдер қа­былдау мүмкін емес. Бүгінде талдауға қажетті көрсеткіштердің айтарлықтай бөлігі гендерлік бөлімде жоқ. Бұл жағдайды толық түсінуге кедергі келтіреді. Біз осы бағытта Ұлттық статистика бюросымен белсенді жұмыс істеуіміз керек», деген Сенат төрағасы отырыс барысында айтылған проблемаларды шешу үшін Парламент заңнамалық тұрғыда қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Комиссия отырысының жұ­мысына Сенат және Мәжіліс депу­тат­тарымен қатар Үкімет мүше­лері, қоғамдық және халық­аралық ұйымдардың өкілдері, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшелері қатысты. Іс-шара барысында Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина, Прези­дент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова, БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі­нің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Дина Әмрешева, «Феликс Астана» жиһаз компаниясының бас ди­рек­торы Баян Тойкебаева және Әйел­дер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнін­дегі ұлттық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжеева баяндама жасады.

Сонымен қатар отырыста комиссия мүшелерінің шеші­мімен Сенаттың Аграрлық мәсе­­ле­лер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамы­ту комитетінің хатшысы Ольга Бу­лавкина Парламенттік комиссия­ның хатшысы болып сайланды.

М.Әшімбаев іс-шараны қоры­тын­дылай келе, қатысушы­ларға мазмұнды пікірталас үшін алғыс білдіріп, айтылған ұсынымдарды іске асыру барысы Сенаттың тиісті комитеттерінің бақылауында болатынын және оның бәрі комиссияның алдағы отырыстарында талданатынын атап өтті.