• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жекпе-жек 16 Қазан, 2024

Асуды азулы қарсылас күтіп тұр

88 рет
көрсетілді

Бұл күндері барша қазақ жанкүйерлері 19 қазанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін UFC Fight Night 245 турнирін та­ғат­сыздана күтіп отыр. Сол кеште аса жеңіл салмақтағы Асу Алма­баев Бразилия спортшысы Матеус Николаумен күш сынасады.

30 жастағы Асудың әлемдегі ең белді промоушенде өнер көрсетіп жүргеніне бір жылдан енді ғана асты. Соған қарамастан Жамбыл облысының тумасы өзінің өрелі өнерімен жанкүйерлер жүрегін жаулады. 2023 жылдың 5 тамызында ол ямайкалық Оди Осборнды қылғындырып тастаса, биыл АҚШ-тың қос апайтөсі – Си-Джей Вейгара мен Хосе Джонсонды жеңді. Бұл бәсекелерде төрешілердің барлығы да Алмабаевтың мықты­лығын бірауыздан мойындады. Осы жеңістерінің арқасында қанда­сымыз UFC рейтингінде 14 орынға көтерілді. Ал санаулы күндерден кейін ол өзінің алғашқы рейтингтік жекпе-жегін өткізеді. Егер Асу осы қарсыласын ұтса, онда қазақ фай­терін ТОП-10-дықтың қатарынан көріп қалуымыз әбден мүмкін.

Матеус Николаудың жасы 31-де. Бразилияның Минас-Жерайс аймағында дүниеге келген ол 2010 жылдан бері аралас жекпе-жекпен айналысады. Сол аралықта 27 рет октагонға шығып, 21 қарсыласын қапы қалдырды. Өз бәсекелері­нің тең жартысынан астамын «Зұлпықар» (Асудың жанама есімі – ред.) мерзімінен бұрын аяқтады. Бес рет ұтылып, тағы бір айқаста тең нәтиже тіркелді. Маттеустің UFC-де күш сынасып жүргеніне 10 жылға жуықтады. Алғашында ол іріктеу турнирінен іркілмей өтті. Промоушеннің негізгі жарысындағы тұсаукесер кездесуін бразилиялық 2015 жылдың 7 қарашасында Бруно Корейраға қарсы өткізіп, өз отандасын «жапон галстугі» деп аталатын әдіске салып, «ұйықтатып» тастады. Одан кейін Джон Марага, Луис Смолка, Алдан дос Сантос, Фелипе Эфрейн, Манель Капе, Тим Элиот, Давид Дворак, Мэтт Шмельді ұтты. Бірақ Датсин Ортиз, Брэндон Ройвал, Алекс Перез сынды саңлақтарға Мат­теустің әлі жетпеді.

Қалай десек те, Николаудың өте қауіпті қарсылас екенін мойын­дауға тиіспіз. Ол ұрып та құлата алады, сабмишн әдістерін де сәтті қолдана біледі. Иә, брази­лиялықтың соңғы екі жекпе-жегінде ойсырай ұтылғаны рас. Екі ретінде де нокаутқа түсті. Десек те, Маттеустің мол тәжірибесі барын да естен шығармайық. Ол шегінуді білмейтін жүректі жігіт, техникалық арсеналы да мол. Грэпплингі өте жақсы, соққылары да жойқын. UFC рейтингінде Оңтүстік Американың оғыланы қазақ файтерінен бақандай жеті саты жоғары тұр. Сондықтан да Асу Алмабаевқа алдағы жарысқа сақадай сай дайындықпен келу керек.