• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Қазан, 2024

Қазақстан – Армения байланысының жаңа кезеңі

69 рет
көрсетілді

Ақорда резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Армения Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныс­тырды. Құрмет қарауылының бастығы президенттерге рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян келіссөз өткізді.

Ықпалдастықты нығайтатын қадам

Мемлекет басшысы Армения Пре­зидентіне ілтипат көрсетіп, еліміздің қазақ-армян ынтымақтастығын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты.

– Бүгінгі уағдаластықтар өзара байланыстың нығая түсуіне ықпал етеді деп сенемін. Біз қазақ-армян серіктестігінің негізі саналатын жоғары деңгейдегі кездесулерімізге ерекше мән береміз. Қазақстан Армениямен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Қазақ елінің армян халқына ықыласы ерекше. Армения – еліміздің сенімді әрі уақыт сынынан өткен жақын серіктесі. Біздің халықтарды берік достық, ортақ тарих және ұқсас мәдени-гуманитарлық құндылықтар байланыстырады. Екіжақты қатынастар барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл Қазақ­стан мен Армения арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шарт­қа қол қойылғанына 25 жыл тол­ғаны аталып өтетінін, осы уақыт аралығында ауқымды институцио­налдық база қалыптасқанын айтты.

– Сауда-экономикалық ықпал­дас­тық­тан бөлек, қос халық арасын­дағы мәдени-гуманитарлық байланыс­тар соны серпінмен дамып келеді. Былтыр Ереванда Армениядағы Қазақ театрының күндері өтті. Келесі жылы Сіздің еліңізде Қазақстан мәдениетінің онкүндігін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бүгін Өзіңізбен бірге Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Ваагн Хачатурян Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақ­жайлылық танытқаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін жеткізді.

– Қасиетті қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Қазақстанның даму және өркендеу қарқынына тәнті бол­дым. Екі ел арасындағы достық қа­рым-қатынастар ұзақ жылдарға жал­­ғасады деп сенемін. Өйткені оның тарихи тамыры тереңде жатыр. Қазақстан – біздің сенімді әрі дос­тас серіктесіміз. Бұған қоса, екі ел арасын­дағы экономикалық байланыс табыс­ты дамып келе жатқанын атап өткім келеді, – деді Армения Президенті.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, мәдени-гуманитарлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайтудың перспективаларын талқылады. Сондай-ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан тарапы Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Алматы алаңын алдағы уақытта да ұсынуға дайын екенін растады.

 

Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндері басталды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу салтанатына қатысты. Осынау концерт Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтті.

Президенттер, ең алдымен, даңқты армян кинорежиссері және сурет­шісі Сергей Параджановтың 100 жыл­дық мерейтойына арналған театр фойесін­дегі фотокөрмені тамашалады.

Концертте Арменияның Мемле­кеттік джаз оркестрі мен Инга Аршакян, Гор Суджян секілді өнерпаздары әлемге әйгілі армян композиторлары Комитастың, Шарль Азнавурдың, Жорж Гарваренцтің және Арно Бабаджанянның музы­калық шығармаларын орындады.

Сонымен қатар кеше басталған Астанадағы Армения киносы­ның күндері бүгін де жалғасады. Ал Сос Саркисян атындағы «Амазгаин» театры көрермен назарына Да­ниил Хармс шығармасының желісі­мен қойылған «Лю-Беф» спектак­лін ұсынады.