Танымал кәсіпкер, инженер, миллиардер Илон Масктың анасы Мэй Маск Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейін аралады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мэй Маск ханымға музей қызметкерлері экскурсия жүргізіп, 50-ден астам ұлттың музыкалық аспабын таныстырды.
Экскурсия кезінде «Steppe Sons» модерн этно-джаз тобы қонақтарға өнер көрсетті.
Мэй Маск ханым Алматы қаласы музейлер бірлестігі директоры Ләззат Сағындықоваға алғыс білдіріп, музейдің жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі – Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығына ие болған музейлердің бірі. Музей 1981 жылы құрылған. Қорында 1 мыңнан астам музыкалық аспап бар.
Белгілі болғандай, Илон Масктың анасы Мэй Маск Алматыда өтетін «Be Woman» форумына қатысу үшін Қазақстанға келді.