• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тағзым 17 Қазан, 2024

Ұлт өнеріндегі ұлағатты әулет

223 рет
көрсетілді

Қазақ даласында театр өнерінің қазығын қағып, туын көтерген Жұмат Шанин тұлғасы қашан да еске түсіріп отыруға тиісті ардақты есімдер санатында. Театр өнерінің қалыптасып, орнығуына тер төккен Ж.Шаниннің жұбайы, ұлт театрының алғашқы қарлығаштарының бірі – Жанбике де ай­тулы актриса екені тарихтан мәлім. Халқымыздың маңдайалды пер­зент­­теріне тартып туған ұлдары Қасымхан Шанин де театр мен кино өне­рі­нің қайталанбас жұлдызы, режиссерлігімен қатар әншілігі де бір төбе.

1892 жылы Баянауыл ауданы Желтау маңындағы Қаратау қыстауында дүниеге келген Ж.Шанин Алаш арыс­тары жолын тұтқан біртуар болмыс иесі. Омбыда жұмыс істей жүріп оқыған санаткер тұлға 1925 жылы Қызылорда қаласында ашылған тұңғыш кәсіби қазақ театрының режиссері әрі директоры болып тағайындалды. Заман­дастары С.Сейфуллин мен Б.Майлиннің, М.Әуезов­тің шығар­маларын қойған режиссер дала­мызға Шекс­пирдің «Гамлетін», Пушкин шығармаларын әкеліп сахна­лаған.

Кәсіби театр құрылмай тұрған кез­дің өзінде өнердің осы саласымен ұлт көкіре­гіне от маздатуды көздеген бір­туар Семейде «Ес аймақ» деген театр то­бын құрады. Автордың өзі жаз­ған «Арқа­лық батыр» пьесасы 1924 жылы алғаш рет сонда қо­йылады. Міне, қазақ теат­рының бастауы қайда жатыр! Со­нау ғасыр басынан жүлге тарт­қан ұлы өнердің көші бүгінге жеткені елдің мерейі. Астында Шанин қатар­лы тұл­ға­лардың еңбегі жатқанын айтудан жа­л­ық­паймыз. Оның театрға, дра­ма­­тур­гияға, режиссураға қатысты мақа­ла­­­лары мен пьесалары сол кездегі газет бет­терінде толассыз жарық көріп жат­­ты. Қаламынан туған 10 перделі «Арқалық батыр» трагедиясы 1930 жыл­дардың ортан беліне дейін қа­зақ театр­лары сахнасынан түспеген. «Тор­сық­бай мен Айдарбек» комедияла­ры күні бүгінге дейін қойылатыны бел­гілі.

Актер, музыкант, жазу­шы-драматург, режиссер Жұмат Шанин Елубай Өмірзақовпен бірге 1931 жы­лы тұңғыш рет халық әртісі атағын иеленгенімен, тағдыр жолында да соншалықты мехнат кешкені қамықтыр­май қоймайды. 1927 жылы Мәскеудегі этнографиялық концертте атақты актерлер Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Сәбира Майқанова, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов пен Құраманбек Жандарбеков өнер көрсетеді. Осы сапарда жол үстінде Жұмат Шанин­нің жары, актриса Жанби­кенің омыраудағы баласы мезгілсіз шетінеп кетеді. Қайғылы қазаға қарамастан, режиссер онкүндік сапардың бас-аяғын түйіндеп қайтады.

Қазақ даласындағы Абай атындағы Опера және балет театрынан бас­тап, Қырғыз драма театры және еліміздегі басқа да театрлардың қалыптасып кетуіне Жұмат Шанин өлшеусіз үлес қосқанын талдап жаза берсе, таусылмас тақырып. Жиылатын басқа орындар жоққа тән ол кезде зиялылардың бәрі театр залынан табыларын айтпаса да болады. Елдің санасын сәулелендіріп, көкірегінде от маздатқан қазақ өнерінің қайран арысы 1938 жылдың 26 ақпанында небары 46 жасында «халық жауы» ретінде атылғанымен, соңындағы өшпес ізін ұлы Қасымхан жалғастырды. Әкесі халық жауы ретінде айыптал­ған оның да жолы жеңіл болмаған. Ленинградта оқып бітіріп, әкесінің де жасына жетпеген дарын бар өмірін қазақ өнерінің өркендеуіне сарп еткен. Театр сахнасында сомдаған шоқтығы биік бейнесі Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спек­так­ліндегі Шоқан бейнесі екен. Сахнада Шоқан болып қал­ған актер кино өнерінде де көп табыстарға жеткен. Қазақ кинематографиясының тари­хына да аты жазылған сирек дарын «Бүркітбайдың әні» сынды халық компо­зи­тор­ла­рының туындыларын шебер орындағаны жазылады.

Ұлт өнерінің сүбесіне айналған алтын әулет жалғас­тығының мыңнан бір парағы осындай.