Алматыдағы Әлеуметтік қызметтер үйінде елдегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қоры мен Алматы қаласының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мұрындық болған жиында биыл мамыр айынан бері жүзеге асырылып жатқан жобаның жайы сөз болды.
Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қоры жүргізіп отырған жоба шеңберінде жоғары оқу орындарының студенттері арасында, сондай-ақ сауда нүктелері мен мекемелердегі тұтынушылар арасында оқыту, үйрету дәрістері ұйымдастырылып келеді.
Жоба әлеуметтік желілерде «Тұтынушы – Потребитель» атты белсенді ақпараттық парақшалары арқылы, оған сауда нүктелерінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жаңа заңнама бойынша кеңес беретін мобильді заң қызметі әрекет еткен.
«Жоба аясында заңгерлердің қатысуымен мобильді топ Алматының барлық аудандарындағы сауда орындарында 1 мыңнан астам адамға кеңес берді. 1 мыңнан астам студент жоғары оқу орындары мен колледждерде қонақ дәрістеріне қатысты. Әлеуметтік желілерде 300-ге жуық ақпараттық материалдар орналастырылып, метроларда, университеттер мен медицина мекемелері сияқты жерлерде қазақ және орыс тілдерінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша бейнероликтер көрсетілді. БАҚ өкілдері үшін Департамент басшылығының қатысуымен брифинг өткізілді. Азаматтардың тұтынушы ретіндегі құқықтары туралы хабардар болу деңгейін бағалау үшін шамамен 1,5 мың сауалнама жүргізілді. Бұл тақырып өте өзекті болып қала береді және халықтың өз құқықтары туралы білім деңгейін арттыру үшін жұмысты жалғастыру қажет», деді жоба жетекшісі, «Жанашыр» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова.
Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бағдәулет Сариев болашақта осы жобаны одан әрі кеңейту жоспарланып отырғанын айтады.
Сондай-ақ дөңгелек үстелде Алматы қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев мекеме жұмысының 9 айдағы жұмысына есеп беріп, азаматтардан келіп түскен өтініштер туралы баяндады.
Алматы қаласы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басқарма басшысы Мақсат Жанбыршиев азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу кезінде олардың құқықтары бұзылған жағдайда олардың ведомстволарына жүгіне алатынын еске салды.
Халықаралық құқық қорғау орталығының басшысы Жанділда Жақыпов тұтынушылардың құқықтарын бұзушылықтарды сотқа дейін реттеу үшін медиациялық ұйымдарға жүгіну қажеттігін атап өтті. Елде жүзден астам медиаторлық ұйымдар жұмыс істейді, бірақ көптеген тұтынушылар бұл мүмкіндікті әлі де білмейді дейді.
АЛМАТЫ