Қазақ руханияты көптен күткен іргелі еңбекпен толықты. Ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленген Ислам энциклопедиясы. Кеше мүфтиятта аталған сүбелі еңбектің алғашқы томының тұсаукесері өтті.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, қазір діни мәлімет іздеген адамға интернетте ақпарат жетерлік. Адамдар көбіне керегін уикипедия базасынан іздейді. Алайда ғаламтордағы мәліметтің бәрі шынайы, ақиқат деуге келмейді. Соның ішінде Ислам дініне қатысты деректер аз, бар деректің өзі күмәнді. Сондықтан қазақ тілінде жарық көре бастаған бұл Ислам энциклопедиясы осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Бұйырса, алдағы уақытта энциклодепияның жалпы саны бес томын шығару көзделіп отыр.
Кітаптың таныстырылымында сөз сөйлеген Н.Тағанұлы елімізге белгілі 50-ге жуық ғалымның басын біріктірген жұмыс тобы құрылғанын, Ислам тарихы мен өркениеті, мәдениеті мен әдебиеті, сонымен қатар күллі мұсылман халқына ортақ ұғымдар мен атаулар қамтылғанын атап өтті. Ұлы дала төсіндегі Ислам тарихынан бастап (Қарахан мемлекеті, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Алашорда үкіметі, Кеңес заманы және Тәуелсіз Қазақстан), қазақ топырағынан шыққан тарихи тұлғалар, дін қайраткерлері, қасиетті жерлер мен киелі мекендер туралы мағлұматтар да енгізілген. Қазақтың діни-ағартушылық саласында өз ізін қалдырған ахундар, ишандар, қазилар, мүфтилер, имамдар да қамтылды. Бас мүфти энциклопедияда негізінен қазақ халқына қатысы бар ислами мәліметтер топтастырылғанын атап өтті.
«Бұл еңбекте қамтылған және алдағы уақытта қамтылатын барлық материал келісімшарт негізінде халықаралық уикипедия базасына ұсынылады. Жас зерттеушілердің көмекші құралы ретінде осы саладағы іргелі зерттеулерге негіз болады. Сондай-ақ қазақ тарихы мен мәдениетіндегі исламның орны шынайы дәйектер мен нақты деректер негізінде толық жүйеленіп, бір ізге түседі», деді Бас мүфти.
Еңбектің танытымына арналған іс-шарада Президент кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров, академик Ғарифолла Есім, мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова, өзге де есімі елге белгілі қонақтар сөз алып, жаңа еңбекке қатысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.