Шымкентте биыл тағы да жылдағы дәстүрмен «Қазақ дастарқаны» фестивалі өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер үлес қосты.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы, ҚХА жанындағы ақсақалдар, аналар кеңесі қоғамдық ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен қоғам белсенділері осы фестивальға қонақ ретінде шақырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – этнос өкілдерін қоғамдық бастамаларға ұйыстырып, сол арқылы оларды мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру, әрі ұлтымыздың қонақжайлылық дәстүрін дәріптеу.
Өткен жылдары этнос өкілдері ет асудан, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуден, ұлтымыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындаудан өзара сайысқа түскен еді. Этномәдени бірлестік мүшелері биыл да сол дәстүрді жалғастырып, кең дастарқан жайды, оған қазақтың ұлттық тағамдарын қойды. Келген қонақтар жайнап тұрған сол дастарқанды көріп қызыға тамашалады. Үлкен қазанға ет асылып, үстел басындағы қонақтарға табақ тартылды, түрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Осылайша этнос өкілдері қазақтың қонақ күту дәстүрін, ұлттық тағамдарын әзірлеуді жап-жақсы меңгергендерін жұртшылыққа көрсетті.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Ә.Жұмағұлова құттықтау сөз арнап, аталған іс-шараның жалпыұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ жадында жаңғыртуға септігі мол әрі этнос өкілдерін бір арнаға ұйыстырып, маңызды құндылықтарды дәріптеген бұл фестивальдың мазмұны терең екенін айтты.
«Өткеніміз бен бүгінімізді салыстырған жанға бүгінгі іс-шараның мәнін ұғыну аса қиын емес. Бәріміздің басымызды қосып отырған – қазақтың берекелі дастарқаны. Кезінде кеңестік өкіметтің солақай саясатының салдарынан қазақ даласына талай ұлт пен ұлыс жер аударылғаны белгілі. Бірақ қазақ халқының пейіліндей кең дастарқаны бәрін аштықтан аман алып қалды. Сондықтан сыйластық, достық, қонақжайлылық секілді ұғымдар барша азаматтардың дүниетанымы мен өмір салты болуға тиіс. Бұл – біздің баға жетпес құндылығымыз. Ол барда ортақ үйіміз – елімізде бейбітшілік пен қоғамдық келісім мәңгі жасай береді», деді сала жетекшісі.
Дастарқан басында бата берген қалалық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев: ««Қазақ дастарқаны» фестивалінің мақсаты – ас ішіп, аяқ босату емес, ең бастысы – осы елдің әрбір азаматының қарашаңырағы болған елімізде барша халықтың бір-бірімен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын көпке білдіру. Бір қазаннан ас ішіп, бір дастарқанда бас қосып, өзара сыйластықтың, татулықтың туын жықпай келе жатқанымызды дүйім жұртқа көрсету», деді.
Фестиваль барысында қалалық Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының мамандары қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдары туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Биыл осы іс-шараға алғаш рет қатысқан қалалық «Ассамблея жастары» ұйымының өкілі Нурали Гусейнов «Қазақ дастарқаны» фестивалінен керемет әсер алғанын айтты.
– Үлкен атамыз қазақ халқын құрметтеп жүріңдер деп құлағымызға құйып отыратын. Жарықтық, айтқан әрбір әңгімесінде қазақ даласына қалай күштеп көшірілгенін, жапан түзде қалып қойғанда қазақтардың жатсынбай бауырына жақын тартып, дастарқанындағы нан, құртымен бөліскенін еске түсіріп, көзіне жас алатын. Жейтін тамақ таппай қиналғанда, қазақ ағайын шаңырағына шақырып, дастарқанын жайып жіберетін де, ішінен әрқайсымыз бір-бір құрт, бір үзім наннан алып, жүрек жалғап, басымыз бақыттан айналатын дейтін. Расында қазақтың дастарқаны – берекенің бастауы ғой шіркін. Себебі қаншама ұлт пен ұлыс осы дастарқанның киесінің арқасында аман қалды. Ал өзі жарымаса да, қолындағы барымен бөлісу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені анық. Бірақ та қазақ халқы нағыз адами қасиеттің үлгісін көрсетті. Даласы қандай кең болса, көңілі де сондай дархан екенін дәлелдеп берді. Сондықтан өз басым қазақ еліне, оның берекелі дастарқаны мен кең пейіліне шексіз ризамын, әрі атам өсиеттегендей, қазақ еліне әрдайым қызмет етіп өтемін», деді «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшісі.
Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасының аясында қолға алынған «Қазақ дастарқаны» фестивалі алғаш рет 2015 жылы Шымкентте бастау алған болатын. Жыл сайын қалалық ассамблеяның ұйытқы болуымен түрлі мазмұнда өтетін фестиваль биыл осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр.
ШЫМКЕНТ